«ДАРЫН» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ БОЛУҒА МҮМКІНДІК БАР

Жастар жылы аясында ағымдағы жылғы 10 тамызға дейін таланттылар мен жастар құжаттарын тапсырып «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты болуға мүмкіндік алады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Байқау – әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы номинациялары бойынша өтеді.

Барлық жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен, әр номинация бойынша 600 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Конкурсқа өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының жас азаматтары қатыса алады. Үміткер халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаты, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері және жеңімпазы болуы тиіс, сондай-ақ оның қызметі инновациялық болуы және тиісті сала мен жалпы қоғамның дамуына ықпал етуі тиіс.

Сыйлық алуға кандидатураларды мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады.

Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға (ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті) мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:

1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;

2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;

3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

4) марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);

5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақаланың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);

6) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).

Сыйлықтар салтанатты түрде беріледі, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.

Еске сала кетейік, әр жылдары Димаш Құдайберген, Қайрат Нұртас, «Музарт» тобы «Эстрада» номинация бойынша, Серік Сәпиев, Денис Тен, Дмитрий Баландин «Спорт» номинация бойынша, Максим Здоровец, Мақсат Жабагин «Ғылым» номинация бойынша, Асылхан Төлепов «Театр және кино» номинация бойынша, Мария Мудряк «Классикалық музыка» номинация бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары болған. Бұған дейін барлығы 170-тен астам лауреат «Дарын» сыйлығымен марапатталған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған