Өмірзақ ШӨКЕЕВ: «ШАҢЫ БҰРҚЫРАҒАН КӨШЕЛЕР БОЛМАЙДЫ»

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өңір тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Ол «Ақжайық» музыкалық мектебінің ғимаратында Түркістан қаласы тұрғындарымен жүздесіп, өзекті мәселелерін, ұсыныстарын тыңдады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бірлік» шағынауданының тұрғыны ауыз су мәселесін қозғады. Өңір басшысы Түркістанда ауыз су қоры толық жеткілікті екенін, су көздерін тарту жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді. Кейбір көшелерге су кезең-кезеңімен жеткізілетініне тоқталды. Ал Алпамыс батыр, Саумалкөл және Сарыарқа көшелерінің тұрғындары атынан келген азамат осы көшелерді кәріз жүйесімен толық қамту мәселесін көтерді. Тұрғынға Түркістан қаласының инфрақұрылымын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, ол көшелердегі түйткіл де тарқатылатыны түсіндірілді. «Отырар» шағынауданын абаттандыру жөнінде ұсыныс айтқан тұрғынға да тиісті жауап берілді. Облыс әкімі 4 жылда Түркістанның инфрақұрылымы жақсарып, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші еселеп артқанын баяндады.

– Өздеріңіз көріп жүргендей, қала мүлдем өзгерді. Жаңарды. Көшелері реттелді. Біз тек қаланың жаңа аумағы емес, ескі бөлігін де абаттандыру, инфрақұрылымын жақсартуды назарда ұстап отырмыз. Түркістан қаласы аумағының 98,5%-ы электр қуатымен қамтамасыз етілген, оның 84%-ы сапалы электр қуатымен. Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қала толық газдандырылып, экологиясы анағұрлым жақсарды. Биыл 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселеді және 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, яғни асфальт төселеді. Мен қаланың экологиясын жақсарту, көгалдандыру ісіне баса мән беремін. Асфальт төселеді, ал асфальт жетпей жатқан жерлерге қазірше шағал тас төселеді. Шаңы бұрқыраған көшелер болмайды. Осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасады, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына және қала әкіміне әрбір өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған