ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚ»

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықпен күрес барысы талқыланды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармалар алдында жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті басты назарда болуы керектігін айтты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз орталығы хабарлады.

– Ең басты мәселе – жұмыссыздық. Сондықтан осы түйткілге мән беру керектігін қайталап айтамын. Мемлекет басшысы жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу міндетін жүктеді. Әр ауданның экономикалық жағдайы тағы да зерделеніп, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашуға басымдық берілгені жөн, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жұмыссыздықпен қатар бүгінде заңды тіркелмей, құжатсыз жұмыс істеп жүргендер де көп. Олар да статистикадағы жұмыссыздар санын арттырып жатыр. Сондықтан жұмыс берушілер де осы мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 2022 жылы Өңірлік карта аясында облыста 34 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 5 мыңнан астамы тұрақты жұмыс болады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде Созақ, Төлеби және Шардара аудандарында 300-дей тұрақты жұмыс орындары ашылған. Өңірде тұрақты жұмыс орындарын ашуға басымдық берілмек.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған