ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ШУАҚТЫ КҮННІҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРДЫ

Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтпақ болған қайғылы оқиғадан бері бір жыл уақыт өтті. Қаңтар оқиғасы шуақты күннің қадірін ұғындырды. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың қанымен, жанымен қорғалып келген қасиетті жеріміз – Қазақстанымыз арам пиғылдылар мен қарақшылардың талан-таражына түсе жаздады.

Шеруге қатысушылар арасында арандатушылық жасағандар болды. Адамдар арасында араздық тудырып, ел ішіне іріткі салды. Алайда, ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы талқыға түскен тарихи сәтте бейбіт халқымыздың байсалдылығы, ел басшылығының батыл қадамдары елдікті сақтап, мемлекетімізді тұрақты қалыпқа қайтарды.

Қиын-қыстау күн туғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев батыл әрекеттерге көшіп, ел бірлігін сақтап қалуда нақты қадамдарға барды. Ынтымағымыздың арқасында елімізді содырлардың лаңынан сақтап қалдық. Мызғымас бірліктің нәтижесінде мемлекетімізді қорғадық.

Елде бейбіт наразылық таныту мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Қаңтар айындағы оқиғалар бейбіт наразылық таныту жөніндегі Заңның өрескел бұзылуын көрсетті, ал билік тарапынан рұқсат етілген, бейбіт наразылық таныту процесін жеңілдету саясаты жүргізілуде. Бейбіт тәртіпте наразылық таныту ережелерін бұзудан басқа, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар бүкіл қала бойынша мүлікті бүлдіріп, өртеді және тонады.

Елде тәртіпсіздіктер тыйылғаннан кейін «қаңтар оқиғасы» бойынша тергеу басталды. Жалпы, 4623 қылмыстық іс тергелді. Оның ішінде кісі өлтіру фактісі, ұрлық, заңсыз қару айналымы, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру секілді бұзақылықтар орын алған. Сондай-ақ, қылмыстық істер бойынша 983 адам қамауға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген азаматтар босатылып шыққан болатын.

Сейдулла САДЫҚОВ,

ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған