ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА 3 037 ПОЛИЦИЯ МЕН ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Қаңтар оқиғасында 3 037 полиция мен ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақаттанды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.

– 5 қаңтардан бастап аймақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды. Бұл – қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке орай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 037 полиция мен ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақаттанды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111-і пышақталған. Көптеген қызметкерлер әлі де ем алуда, – деді министр.

Оның атап өтуінше, полиция қаңтар оқиғасы бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбісі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары.

– 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді, – деді Марат Ахметжанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған