ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН САҚТАУМЕН ТЕҢ

Түркістанда көп қабатты үйдің тұрғындарына жылыту маусымы кезінде газдан уланудың алдын алу мен өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараға төтенше жағдайлар департаменті мен газ инспекциясының мамандары, жергілікті атқарушы орган мүшелері мен еріктілер қатысты. Бұл туралы «Turkistan» телеарнасы хабарлады.

Жылыту маусымы бастала сала елімізде иіс тиіп улану өрт оқиғалары жиілейді. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі осындай жағдайлардың алдын алу жұмыстарын бастады. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстар жүргізуде бұл оқыс оқиғалардың алдын алады.

Заңғарбек Хамза, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:

– Біздің мекеменің негізгі қызметі – жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газбен уланудың алдын алу. Көп жағдайда өрт шығу жағдайы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан, электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан, қатты отынмен жанатын пештерде от жағу кезінде шамадан тыс отынды пайдаланудан, қысқы жылыту маусымына дайындықты дұрыс жүргізбегендіктен, мұржаларды дұрыс тазаламаудың салдарынан орын алады.

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көбі газдан улану мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға аса көп мән бермейді. Былтырғы жылы улы газдан улану бойынша облысымызда  3 оқыс оқиға тіркелген.  Сондықтан Төтенше жағдайлар қызметі күз бастала салысымен жеке тұрғын үй секторларын аралауды бастады. Мамандар газдан, көмірден келетін қауіп-қатердің алдын алып, тұрғындардың пешін тексеріп дамыл таппай жүр. 

Мейрамхан Базарбек, Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

– Қала маңындағы тұрғын үйлерге улы газдан уланудың алдын алу және жалпылама өрт қауіпсіздігі бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 2477-ді үйді аралап, 10500-дей адам қамтылды. Шара барысында 84 кемшілік анықталып, оның 14-і тиісті мекемелерге жолданды.

Түркістан қаласы аумағындағы жүргізілген рейдтік жұмыстар нәтижесінде Сырдария тұрғын үй кешені №17 үй төтенше жағдайлар қызметі тарапынан «Үлгілі үй» есебіне алынды. Өйткені мұндағы пәтерлердің барлығы техника қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкес келеді.  Түтін шығатын мұржалар мен Газ жүйесінің дұрыс орналасуы, улы газдың шыққандығын ескеретін дабыл қаққыш қондырғылары орнатылған. Тұрғындар түсіндіру шараларын өткізген сала мамандарына өз алғыстарын білдірді.

Мария Кенжебаева, тұрғын:

– Қауіпсіздік шараларын жүргізіп жатыр екенсіздер 100 пайыз қосыламын. Керемет мұндай қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндіріп жатырсыздар. Бұл бәріміз үшін өте қажетті. Әсіресе жас жанұялар үшін. Қазір барша үйде газ бар. Қауіпсіздік талаптарын сақтау ел тыныштығын сақтаумен тең.

Айта кетейік, Түркістанда жылыту маусымы 1 қарашадан 1 сәуірге дейін жүреді. Яғни 149 күнді қамтиды. Қазіргі таңда облыс бойынша орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 626 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына жылу берілген. Мамандардың айтуынша, Түркістан облысында  газдан улану фактісі биыл тіркелмеген.

 MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған