ҚАРАҚАТ АБДЕН КАНДИДАТ БОЛЫП ТІРКЕЛДІ

2022 жылғы 19 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қарақат Жақсылыққызы Абденді Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі  Шавқат Өтемісов баяндама жасады. Ол 2022 жылдың 8 қазанында Орталық сайлау комиссиясына «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қ.Ж. Абденді Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар ұсынылды:

– Президенттікке кандидат Қ.Ж. Абденнің және оның жұбайының активтер мен міндеттемелер жөнінде декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;

– Президенттікке кандидат Қ.Ж. Абденнің оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытындысы;

– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Қ.Ж. Абденді қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары.

Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Қарақат Жақсылыққызы Абденнің қолдауына Қазақстанның 15 өңірінен 121 314 азаматтың қолдары жиналды.  Тексеру нәтижесінде 118 418-і рас деп танылды, яғни қажетті саны қамтамасыз етілді, бұл сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% немесе 118 273-і.

Қ.Ж. Абденді Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

ҚР ОСК қаулысымен Қарақат Жақсылыққызы Абден 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып тіркелді, оған тиісті куәлік берілді.

Орталық сайлау комиссиясы отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған