ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУРНИР МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде ересектер арасында бокстан халықаралық деңгейдегі турнир мәресіне жетті. Атақты боксшы, ұлттық құраманың бас бапкері болған Əбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокс бәсекесі бір аптаға созылып, жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаршы алаңға шыққан талантты Түркістан облысының боксшылары алғашқы күннен бастап бас жүлдеге үмітті болды. Ринг қожайындары 5 алтын, 1 күміс жəне 5 қола еншіледі. Еліміздің талантты спортшысы, 51 келі салмақта жеңімпаз атанған Жомарт Ержан нағыз бабында екенін байқатып, турнирдің «Үздік боксшысы» атанды.

Биыл 28-ші рет ұйымдастырылған бұл доданы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздарын облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен Түркістан облысының жоғары шеберлер спорт мектебінің директоры, білікті спорт маманы Нұрмахан Мелдехановтар құттықтады. Сонымен қатар жарысқа арнайы қатысқан, кезінде бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Дамир Буданбеков те қатысып, жігіттерге құрмет көрсетті.

Халықаралық турнирдің бас төрешісі Ержан Оспанбаевтың айтуынша, бұл рингтің көркін қыздырған турнирде еліміздің боксшылары өз мықтылықтарын көрсетті. Шаршы алаңда алтын медаль алғандар қатарында 57 келіде сынға түскен Түркістанның өкілі Мадияр Қыдырəлі мен 63,5 келіде бағы жанған Əбдікəрім Əбдіғалым бар. Бұдан басқа 92 келіде қарсылас шыдатпаған Абзал Құттыбеков пен +92 келі салмақта Нұрлан Сапарбай да жеңістің шыңын бағындырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған