СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЖАДЫНАМАЛАР ТАРАТЫЛДЫ

Жаздың аптап ыстығында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылып, жан сергіту әдеттегі жағдайға айналады. Алайда қауіпсіздік шарасын қаперде ұстасаң, су – досың, ал немқұрайлы қарасаң – дұшпаның екенін ұмытпаған жөн.

Адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін орындамауы, жас балалардың суға шомыла білмеуінің салдары орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Суға шомылудың соңын қайғылы жағдайға айналдырмау мақсатында Қазығұрт ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, №13 өрт сөндіру бөлімі және Қазығұрт аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп 2022 жылдың 14 шілде күні суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбында шомылуға тыйым салынған су айдындарына рейд жүргізді. Сала қызметкерлері шомылып жүрген азаматтар мен балаларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылды.

Естеріңізге сала кетейік, келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін төмендегі ережелерді орындаған жөн:

СУДА ШОМЫЛУДЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ

– Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығы мен тереңдігін мұқият тексеріп алған дұрыс.

– Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылу да қауіпті.

– Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылған абзал.

– Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеген жөн.

– Суға шомылғанда бір-біріңізді көзден таса қалдырмаңыздар.

– Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыздар.

– Техникалық ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.

КӨЛДЕРДЕ, ТОҒАНДАРДА, ТОҚТАУ СУЛАР МЕН ШАЛШЫҚ СУЛАРДА ШОМЫЛУДЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қаупі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда: Іш-сүзегі 183 тәулік, дизентерия 12-92, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді.

АЯҚ-ҚОЛ ТЫРЫСУЫ (СУДОРОГА) БОЛҒАНДА ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ КЕРЕК?

Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соғады.

– Егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып суға арқаңызбен шалқалай жатып, сабырлық сақтаған жөн.

– Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіп, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз.

– Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп, қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып, бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз.

– Сондай-ақ бұлшық еті тырысқанда аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз.

– Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығуға әрекеттеніңіз.

СУ ИІРІМІНЕН ШЫҒУДЫҢ ТӘСІЛІ ҚАНДАЙ?

– Иірімге тап болған жағдайда, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіген дұрыс.

– Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысқан абзал.

– Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзуге күш салыңыз.

СУДА ҚАТТЫ ШАРШАҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеліп соғады. Сондықтан бұндай жағдайда қалай іс-әрекет ету қажеттігін де қаперде ұстаған жөн.

– Суда шаршасаңыз немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтыңыз. Біршама уақытқа сабырлы қалыпты сақтаңыз.

– Әлсін-әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшті үнемдеп, өзіңізді және уақытты бақылау үшін, жаймен дауыстап санауға көшіңіз.

– Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезсеңіз шалқалай жатып, қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.

СУЫҚ СУДЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

Суық суға түсіп кеткен адам өкінішке қарай 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздықтың суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғу мүмкіндігі жоғары. Адам суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Ағзаның жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады.

Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат.

СУДАҒЫ ҚАТЕРГЕ ҰШЫРАҒАН АДАМҒА АЛҒАШҚЫ КӨМЕК КӨРСЕТІҢІЗ

Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсеткенде мүмкіндігінше тездетіп оттегі жетімсіздігін қолдан дем алдыру тәсілін қолдану арқылы жоюға тырысу қажет.

– қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққан соң оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кіріскен жөн;

– қатерге ұшыраған адамның аузын азу тістерінің әр жағынан саусақпен қармап немесе қол орамалмен, не дәке оралған пышақ жүзімен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір затпен ашқан дұрыс.

– ауыз ішін шырыш пен балдырдан тазалау керек.

– қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру.

Ең жеңіл және тиімді тәсіл – «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» ауа үрлеу.

Қатерге ұшыраған адамды бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайту.

Бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу керек. Қатерге ұшыраушының жүрек соғуын ұдайы қадағалап отыру керек. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса қолдан дем алдыру мен қатар, жүрекке тікелей емес массаж әдісін қолданған дұрыс, ол үшін: қатерге ұшыраушының жүрек тұсына бір алақанды қойып екіншісін айқастыра салу керек, екі қолдың да саусақтары көтеріңкі болу қажет, дене салмағын пайдалана, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см қысады, жиілігі минутына 70-72 рет.

Есте сақтаңыз! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауда екенін ұмытпаңыз және жақындарыңызға ескерте жүріңіз.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған