КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 10 МЫҢ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРУ ЖОСПАРЛАНУДА

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Мемлекет басшысының мемлекеттік бағдарламалардан Ұлттық жобалар форматына көшу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылатын 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға (бұдан әрі – Ұлттық жоба) қатысу үшін 49,8 мың жас жүгінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Олардың 33,9 мыңға жуығына жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларын көрсетті, оның ішінде 33,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мәселен, 15,9 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 17,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 1,9 мың адам, жастар практикасы шеңберінде – 5,5 мың адам, қоғамдық жұмыстарда – 9,6 мың адам еңбек етеді, 604 адам «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының қатысушылары болды.

Сонымен қатар, онлайн оқытумен 340 адам қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу мерзімі тиісінше 12 айға дейін және 18 айға дейін, қатысушылардың жалақысын субсидиялау мөлшері – 30 АЕК-ке дейін, сондай-ақ бизнес-бастамаларды іске асыру үшін гранттар мөлшері 2 есе – 400 АЕК-ке (1,2 млн теңге) дейін ұлғайтылды.

Ағымдағы жылы жастар арасынан ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 10 мың қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Тағы 10 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көзделген (атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасылардың мүшелері – көпбалалы бойынша жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы); оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушылар; қандастар; мүгедектігі бар бала (балалар) тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері; мүгедектігі бар адамдар).

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 млн-нан астам жас (15-28 жас) экономикалық белсенді болып табылады, оның ішінде 1 млн 985,8 мың адам немесе 96,2% – ы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылған жастар арасында өзін – өзі жұмыспен қамтығандар саны 420,7 мың адамды немесе 21,2%-ды, жалдамалы қызметкерлер саны – 1 млн 565,1 мың адамды немесе 78,8%-ды құраған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған