КЕНТАУДА ТАБИҒИ АПАТ ЗАРДАПТАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

2022 жылғы 24 сәуірде сағат 19:25-те Кентау қаласында желдің ұйытқуы 30-40м/с жетіп, нөсер жауған. Салдарынан қала аумағында орналасқан 2 көпқабатты тұрғын үй, 2 білім, 1 жеке тұрғын үй, қалалық полиция ғимаратының шатыры, көше мен саябақтардың талдары құлап, жарнамалық шиттер зақымдалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі Р.Аюпов 24-ші сәуір күні кешкі уақытта шұғыл комиссия отырысын жасап, алдымен инфрақұрылымды қалыпқа келтіру, тұрғындар жүріп-тұратын жолдарды тазарту, қаупі бар аймақтарды таңға дейін анықтап реттеу жұмыстарын тапсырды.

Білім саласына қарасты 1 мектеп, 1 балабақшаның шатырын қалпына келтіру үшін облыстық білім басқармасына қаржысын қарау бойынша хат жолданды. 2 көпқабатты тұрғын үйдің шатыр жабындылары мекеме тарапынан қалпына келтірілетін болады. Қала көшелеріндегі 5 электр бағанасының құлау салдарынан жарық желілері үзіліп, қаланың 10 пайыз аумағында жарық өшкен. Қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. 1 жеке сектордағы үйге зақым келген. Әлі де қосымша анықтау жұмыстары жүруде. Қала тұрғындарының 5 көлігіне залал келтірілген. Адам шығыны жоқ. Жел салдарынан құлаған 200-ден аса тал кесіліп, орындары тазаланды. Жұмыстарға түнгі уақытта 50-ге жуық, күндіз 60 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Кесілген талдар қажеттілікке қарай тұрғындарға таратылып беріледі. Қала көшелерінде орналасқан 1 көркемдік безендірілген арка, 1 баннер қалыпқа келтірілуде. Қала әкімдігі тарапынан залал келтірілген нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ақау актілері мен сметалық құжаттары әзірленуде. Қазіргі уақытта барлық мекемелер штаттық режимде жұмыс атқарып жатыр.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған