ЖЕРЛЕР ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ЕШҚАШАН ӨТПЕЙДІ

Түркістан облысында жайылым жер мәселесінің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бұған дейін шаруалардың жанайқайы партияда да тыңдалып, саяси ұйымның араласуымен жауапты Министрлікке сұрау жолданған еді. Сондай-ақ партиялық бақылауға да алынған. Дегенмен жер мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл туралы «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов және «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев өңірдің шаруалармен кездесті. Жайылым жер проблемасына қатысты Қазығұрт пен Төлеби аудандарында болып, халықтың шағымдарын тыңдады.

Қазығұрт ауданының барлық жер көлемі 409057 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы 275296 гектар. Агроқұрылым саны – 3688, оның ішінде 3375 шаруа қожалығы бар. Ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі мемлекеттік емес тұлғалар иелігінде. Былтыр комиссия құрылып, игерілмеген және мақсатына сай пайдаланылмай отырған жайылым жерлер бақылау нысанына алынған.

ЖЕРЛЕР ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ЕШҚАШАН ӨТПЕЙДІ

Кездесуде Алтынтөбе және Жаңабазар ауылдық округтерінің мәселелері қаралды. Алтынтөбе ауылдық округінде 8900, Ал Жаңабазарда 12 665 тұрғын бар. Шаруалар жер санаттары дұрыс мақсатта пайдаланылмай отырғанын, халыққа шартты жер үлесін бөліп беруді сұрады. Кездесуде «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміндегі 15300 гектар жыл соңына дейін ауданның арнайы жер қорына қайтарылатыны айтылды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің мәлімдеуінше облыс әкімдігінің тапсырмасымен биыл ауданға барлығы 44000 гектар жерді ортақ пайдалануға қайтару жұмыстары жүргізілуде. Депутат Қ.Абасов өңірдегі жайылым тапшылығының себебін саралауға келгенін айтты.

– Мемлекет басшысы ауыл айналасындағы жерлер ортақ пайдалануға қайтарылатынын айтты. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. «Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер орын алуда?» деген сұрақпен жергілікті атқарушы биліктен де ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған жерлер жеке меншікке ешқашан өтпейді. Ол қоғамдық ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер Кодексі мен заң нормалары бар. Одан бөлек біз жайылым мен егістіктегі жерлерді айналдыру мәселесін де көтерудеміз. Алда Министрлікпен бірлесе бұл мәселенің де шешу жолдарын қарастырамыз. Түркістан облысына қатысты кез келген сұрақтар мен ұсыныстарды қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесуді жоспарлаудамын, – деген халық қалаулысына ауыл тұрғындары өтініштер аяқсыз қалмай, нәтиже күтетіндерін жеткізді.

Ал 306380 гектарды құрайтын Төлеби ауданының жер көлемінде, ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы 93223 гектар. Былтыр аудан әкімдігі халықтың мұқтаждығына байланысты есепті кезеңге 8708,9 мың гектар ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Алайда Қасқасу ауылдық округінде жайылым жер көлемі тым аз. Өйткені Қасқасуда 5500 тұрғын болса, жайылым жерлер небәрі 400 гектар ғана. 2019 жылы 1558 гектар жер «Сайрам-Өгем» ұлттық парктің теңгеріміне еніп кеткен. Кездесуде көтерілген басты мәселе – аталған жер телімін халықтың мұқтаждығына байланысты ортақ пайдалануға қайтару. Оны шешу жолы қаулы мен мемлекеттік актіні Үкімет тарапынан қайта қарап, күшін жою дейді шаруалар.

Депутат Қ.Абасов аталған мәселе тек 3 ауылға ғана емес бүкіл өңірде кездесетін жағдай екенін атап өтті. Кездесуде айтылған өтініштерді топтастырып, Парламент отырыстарында тиісті Министрлікке депутаттық сауал жолдайтынын хабарлады. Ал, аймақтық филиалдың Атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев мәселелер саяси ұйымның бақылауында болатынын мәлімдеді.

Жалпы Түркістан облысы бойынша жайылым жерлерді ортақ пайдалануға қайтару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Өңір басшысы Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен барлық аудан, қала әкімдері назарға алып, заңдылығына сәйкес жұмыстар атқарып келеді. 2021 жылы 132 мың гектар жер қайтарылса, биыл 1 млн 12 мың гектарға арттыру жоспарланған. Бірақ жауапты сала мамандарының айтуынша көзделген көлемнің жартысы ірі жер пайдаланушыларына берілсе, қалғаны меморандум арқылы жүзеге асырылады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған