«ЖЕЛІГЕ ШОЛУ» АТТЫ ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«Желіге шолу» – Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік желідегі жаңа жобасы. Басты мақсат – желі қолданушылары жазған пікірлерге, сұрақтарға жауап беру, өзекті мәселелерге қатысты көпшілікке дұрыс ақпаратты түсінікті тілде жеткізу. Алғашқы шығарылымда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев және «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Аризона университетінде білім алған қазақстандықтар елімізде Аризона университеті филиалының ашылуына қатысты оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап береді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің сайты хабар таратты.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері қазіргі талапкерлерге университет таңдау аясы кеңейгенін атап өтті. Бүгінде жастарға еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарында, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде немесе үкіметаралық келісімдер аясында Қазақстанда ашылатын шетелдік университеттердің филиалдарында білім алу мүмкіндігі беріліп отыр.

Мәселен, Ардак Касанова есімді желі қолданушысы Аризона университеті жайындағы постқа: «Сол универге қарапайым халықтың балалары қалай түседі?», – деген пікір қалдырыпты. Бұл сұраққа ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жауап берді. Оның айтуынша, бұл жоба негізінен қарапайым балаларға арналған.

«Ең бастысы балалар ағылшын тілін білуі керек. Аризона университетінің арнайы емтиханы болады», – дейді вице-министр.

Ауылшаруашылық техникасы мен технологиясы мамандығы бойынша Аризона университетінің түлегі Жаңбырбаев Жандәулет бүгінде ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп жүрген компаниялардың тіл білетін агрономдарға, басқа да ауылшаруашылық мамандарына сұранысы үлкен екенін айтады.

«Агроном ағылшын тілін білсе ол өзінің ойын, пікірін шетелдік әріптестеріне толық жеткізе алса, біздің жаһандық компаниялармен қатынасымыз күшейеді деп ойлаймын. Қазақстандық ауылшаруашылық мамандарының деңгейі көтеріледі деп ойлаймын. Ол бізге әлемдік нарыққа жол ашады», – дейді сала маманы.

amway_kazakhstan_2021 «Оқу ақылы бола ма немесе грант болады ма?», – деген сұрақ қалдырыпты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі мемлекет тарапынан гранттар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ақылы оқуға да мүмкіндік беріледі.

«Қазір қарасаңыздар, Қазақстанда оқимын десеңіз көптеген жақсы университеттеріміз бар. Шетелге барамын десеңіз, «Болашақ» бағдарламасы бар. Президентіміздің тапсырмасы бойынша британиялық университеттердің, Ресей университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Қазіргі жастарға оқуға, еңбек етуге, білім алуға барлық жағдай жасалды», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған