Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы аясында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай, жаңадан құрылатын облыс тұрғындары құжаттарын қайта рәсімдей ме? Бұл сұраққа Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің баспасөз орталығы жауап берді.
Қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес бұл реформалар жылжымайтын мүлікке және заңды тұлғаларға құқықтарды тіркеу саласында бұрын берілген құжаттарды қайта ресімдеуді талап етпейді.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 6-бабының 2-тармағында елді мекендер атауының, көшелер атауының, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірінің (мекенжайының) өзгеруін, кадастрлық нөмірлердің өзгеруін тіркеу Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты құқық иеленушіге жүктелмейді және өтеусіз жүзеге асырылады.
Осылайша, жаңа облыстардың құрылуы, елді мекендердің қайта аталуы меншік иелерін құқық белгілейтін (мысалы: сатып алу-сату, сыйға тарту шарты, пайдалануға қабылдау актісі, әкімдіктің қаулысы және басқалары) және сәйкестендіру құжаттарына (жер учаскесіне акті, жылжымайтын мүлік объектісіне техникалық паспорт) осындай өзгерістер енгізу үшін тіркеуші органға жүгінуге міндеттемейді.
Елді мекен атауының өзгеруі және жылжымайтын мүлік объектісі мекенжайының басқа да деректемелері (көше атауы, ғимараттың, үй-жайдың реттік нөмірі) «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесімен интеграциялық өзара іс-қимыл шеңберінде «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» Мемлекеттік дерекқорында автоматты түрде жаңартылады.
Осыған байланысты заңды тұлғалардың облыстардың, елді мекендердің бұрынғы атауы көрсетілген ресми құжаттары өзінің заңды күшін жоғалтпайды. Құжаттарда елді мекеннің бұрынғы атауын көрсету олардың жарамсыздығына әкеп соқпайды.
Құжаттарды ауыстыру олардың жарамдылық мерзімі өткен жағдайда немесе олар жоғалған жағдайда жүзеге асырылады.