«БОЛАШАҚТА ЭЛЕКТРОНДЫ БІЛЕЗІКТЕРДІ ҚОЛДАНУ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУДЫҢ БАЛАМАСЫ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ…»

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы Жанат Ешмағамбетов электрондық бақылау құралдарын болашақта бас бостандығынан айыру орындарына қамаудың баламасы ретінде қаралуы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз орталығы хабарлады.

Соңғы жылдары Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті отандық жазаларды орындаудың жүйесін, оның ішінде цифрлық жаңалықтарды енгізу арқылы жаңғырту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Алғаш рет қазақстандық колонияларда рұқсат етілген тауарларды сатып алуға арналған электрондық дүкендер, шағымдар мен өтініштер беруге арналған терминалдар, сондай-ақ пробация қызметінің сотталғандарына қатысты электрондық бақылау құралдары жұмыс істей бастады.

– Есепке алынған адамдарды электрондық бақылау Батыс Еуропа мен АҚШ-тың көптеген дамыған елдерінде, сонымен қатар ТМД елдерінде де қолданылады. Халықаралық тәжірибені зерттеп, бірнеше түрді қолдана отырып, біз электронды білезіктерді таңдадық. Көптеген елдерде электронды бақылау құралдары түрмеге қамауға ауыстыру ретінде қолданылады, ал біздің жағдайда білезіктер пробация қызметінің сотталғандарына қолданылатын болады. Болашақта электронды білезіктерді қолдану бас бостандығынан айырудың баламасы ретінде қарастырылады деп ойлаймын, – деп атап өтті ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертулері бар сотталғандар электрондық қадағалауға алынатын болады. Бұл адамдардың бірқатар құқықтары шектеледі, біріншіден, бақылаудағы адамның пробация қызметін жазбаша хабардар етпестен тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға құқығы жоқ, сонымен қатар оның еркін кез келген жерде жүріп-тұруға құқығы жоқ. Екіншіден, бірқатар тыйымдар белгіленеді: белгілі бір жерлерге бару, белгілі бір жерлерде белгіленбеген уақытта болу т.б.

Сотталғандарды қадағалау үшін электронды бақылау жүйесі – радио сигналын беретін электронды білезіктер қолданылады. Бұл таратқыштар GSM/GPRS арнасы арқылы жұмыс істейді және нақты уақыт режимінде адамның қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Жүйе пробация қызметкеріне жазаны өтеу кезінде толық электрондық бақылау орнатуға және оның жазаны өтеу жағдайларын бұзу фактілеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Олар қайталанатын қылмыстың ықтимал қауіптерінің алдын алады.

Бұдан басқа, оң сипатталатын сотталғандарды бақылау үшін арнайы бағдарлама орнатылған планшеттер (сотталғандардың жалпы санының орта есеппен 95% – ы) пайдаланылатын болады.

Электрондық бақылау құралын қолдану сотталған адамға сот пен Заңда белгіленген шектеулерге сәйкес Пробация қызметі бастығының қаулысымен ресімделеді. Мәселен, егер есептегі адам режимді бұзса, бұл туралы сигнал бірден келеді. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандармен дереу байланысады. Егер осындай бірнеше бұзушылық тіркелсе, электрондық қадағалауды бас бостандығынан айырумен ауыстыруға құқылы.

Жалпы, республиканың барлық өңірлері үшін 2,5 мың білезік сатып алынды. Қызметке білезіктер жиынтығы, сим-карталар, байланыс қызметтері, бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық сүйемелдеу кіреді. Олардың басым бөлігі ШҚО, Қарағанды, сондай-ақ Қостанай облыстары сияқты ірі өңірлерге берілді.

Орташа алғанда, білезіктің бір жиынтығы 10 мың теңгеге бағаланып отыр, оларға қызмет көрсету және техникалық сүйемелдеу қоса кіреді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған