«АТА-АНАЛАРДАН БАЛА-ШАҒАСЫН ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРМАУЫН СҰРАЙМЫН»

Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігетін бейбіт күннің, батырлары жүр арамызда. Солардың бірі – Нұрғали Керімбеков. Ол биыл сәуір айында су құбырына құлап кеткен кішкентай сәбиді құтқарып қалды. Бұл туралы 24.kz сайты хабарлады.

Ержүрек азамат Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Кентау қалалық №12 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді. Оқыс оқиға сәуір айының 30 күні кешкі сағат 19:45-те Кентау қаласына қарасты Қантағы ауылында болған. Бір жарым жасар сәби ересектердің қадағалауынсыз ойнап отырып, жер астына көмілген су құбырына құлаған. Арықтағы су бірден баланы құбырдың ішіне қарай 15 метрге дейін ағызып әкеткен. Сол күні кезекшілікте болған Нұрғали қасындағы екі әріптесімен бірге оқиға орнына келген кезде сәбиді аман алып қалу үшін өз басын бәйгеге тігіп, бірден шұғыл шешім қабылдайды.

Нұрғали Керімбеков, облыстық ТЖД Кентау қалалық №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

– Кіруден басқа амал жоқ. Ішінде шамалы-ақ қана ауа бар. Ішіне су өткен. Аяғыма құтқару арқанын байлап, ішіне кірдім. Бірақ қысылып, әрең кірдім, амал жоқ. Іші батпақ болды. Бала бетімен жатыр екен, барсам. Жартылай есін білмейді, тұншығып жатыр екен. Көрер жарығы бар екен. Артыммен жүріп, әрең алып шықтым. Сыртқа шыққан соң ауа жұтып, есін жиған соң жылап шықты. Оған дейін ауа болмағандықтан қысылып тұрған бала. Медицина қызметкерлеріне тапсырдық.
Өрт сөндіру оңай кәсіп емес. Қысы-жазы күн-түн демей жалынмен арпалысып, тілсіз жауды ауыздықтау жанкештілікті талап етеді. Әр күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаруға міндеттісің. Бұл төзімділікпен қатар, үлкен дайындықты және күш-жігерді қажет етеді. Оған тек жігіттің жігіті, өз қорқынышын жеңе білетін нағыз кәсіби маман ғана лайық.  

Нұрғали Керімбеков, облыстық ТЖД Кентау қалалық №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

– Әрине қорқыныш болады. Бірақ біз сол қорқынышты жеңіп, сол іске дайындалып жаттығамыз. Дайындалып, өзімізді қолға аламыз сондай жағдайға. Психологиялық және физикалық түрде кез келген жағдайға дайын болуымыз керек.

Түркістан облысының құтқарушылары 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс кезде бастарын қатерге тіге жүріп, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, 2020 жылы мамыр айында Өзбекстан Республикасының «Сардоба» су қоймасындағы бөгет бұзылып, Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басқанда да құтқару жұмыстарына белшеше кірісті. Ал биылғы жылдың 9 айында 335 рет өрт сөндіру жұмыстарына қатысты. Департамент басшысы Нұрғали Жүнісов соңғы кездері ата-қарауынсыз қалған балалардың қауіп-қатерге жиі ұшырайтынын айтады.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

– Ата-аналардың қарауынсыз қалған оқыс оқиғалар жыл сайын жиілеп бара жатыр. Құбырларға, су көздерінде қалып кеткен балалар бар. Сонымен қатар дәретхана шұқырына түсіп, біздің құтқарушылардың арқасында шығарылып жатқан оқиғаларымыз бар. Соған орай, мен ата-аналарды өздерінің нәрестелерді, бала-шағасын қараусыз қалдырмауын сұранар едім.

Ерлік ескерусіз қалмайды. Батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен Нұрғали Керімбековке сол кездегі облыс басшылары «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған