АСА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРЛЕСІП ШЕШУ ҚАЖЕТ

Орта Азияның Мемлекетаралық Үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 30 жылдығына орайластырылған отырысы Түркістанда өтуде. Түркі әлемінің рухани астанасында ұйымдастырылған халықаралық жиында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің салалық министрлік басшылары бас қосты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістан қаласын суландыру бағытында іске асырылған және алда атқарылатын жобалармен бөлісті.

– Республикада суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында өңірде ылғал үнемдеу технологияларын ендіру жолға қойылған. Бүгінгі таңда облыста 4 мың гектарға жаңбырлатып суғару және 25,5 мың гектарға тамшылатып суғару технологиялары ендірілді.

Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда 172 шақырым 23 каналға жөндеу және 241 шақырым 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 92 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Сондықтан бүгінгі өтіп жатқан Орта Азияның Мемлекетаралық Үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті отырысының Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары екендігін атап өткім келеді. Бұрын Түркістан қаласына 234 млн. текше метр ағын су жетіспейтін болатын. Оның себебі – бар суды жинап, толықтай Түркістанға дейін жеткізу мәселесі қолға алынбаған еді. Ғалымдар мен ауыл ақсақалдарының пікірлерін тыңдай келе Түркістан қаласына 248,8 млн. текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Бүгінгі таңға 163 шағын агроқұрылым ірі кооперативтерге бірігіп, 2,2 мың гектарға 65 бірлік жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Технология дақыл түріне қарай ағын су шығынын 2 есе азайтумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырады.

– Дамыған Америка Құрама Штатының Небраска штатында 70 мың дана су үнемдеу технологиясы енгізілген. Осы су үнемдеу технологиясының нәтижесінде штаттың табысы 30 жылда 5 млрд. АҚШ долларынан 30 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайған. Жалпы азық-түлік белдеуі аясында құны 30,7 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз. Су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану секілді аса маңызды мәселелерді бірлесіп шешу қажет. Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ іс болғандықтан, бүгінгі кеңес нәтижесінде өзекті мәселелер оңды шешімін табады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Халықаралық жиында Орталық Азия өкілдері су ресурстарын пайдалану мәселелерін талқыланды. Комиссияның құрамына аумақтары арқылы Сырдария өзені ағатын мемлекеттердің өкілдері кіреді. Негізгі мақсаты – трансшекаралық өзендердің суын пайдалануды үйлестіру.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған