БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Діни экстремизмнің алдын алуда жастардың рөлін елеусіз қалдыруға болмайды. Жастар арасында экстремизмге қарсы сананы қалыптастыру, діни экстремизмге қарсы күресте құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен «Экстремизмсіз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ел жастарының экстремистік және деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупін азайту мақсатында экстремизмге қарсы жастар қозғалысының қызметін ұйымдастыруды қарастырады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Жоба аясында Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларында екі күндік оқыту семинары өтті. Семинар қатысушылары: жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, орта-арнайы оқу орындарының оқушылары, аймақтық жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері. Шараға 300-ге жуық  адам қатысты.

Спикерлер ретінде Қазақстанға танымал блогер Яков Федоров, «Бізбен бірге» ҚҚ басқарма төрағасы Уәлихан Тұрарбекұлы, сондай-ақ «Қазақстан дінтанушылар конгресінің» ҚБ жетекші сарапшысы Мейрам Иманбаев сөз сөйледі.

Яков Федоров өзінің тренингінде әлеуметтік желілерде жұмыс істеу ерекшеліктерін, қоғамдық пікірді қалыптастыру тетіктерін түсіндірді, ақпарат алмасудың тиімді құралы ретінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін және сананы манипуляциялаудың қауіптерін көрсетті. Сонымен қатар, семинарда әлеуметтік желілердегі еріктілер ұйымдарының қызметі талқыланды.

Еріктілер қызметі, еріктілер қозғалысын құру алгоритмі және еліміздегі волонтерлық салаға қатысты заңнама туралы спикер Уәлихан Тұрарбекұлы баяндады.

Өңірлерде өткізілген семинарлардың жалғасы ретінде «QAZAQSTAN WITHOUT EXTREMISM!» республикалық акциясы бастау алды және  өңірлік белсенді жастар арасында 3 номинация бойынша байқау жарияланды:

  • «Әлеуметтік желілердегі үздік пост-жарияланым»;
  • «Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша үздік креативті акция»;
  • «Еріктілер қозғалысының үздік ұйымдастырушысы».

Республикалық конкурстың қорытындысы 2019 жылдың 22 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында жеңімпаздарға құнды сыйлықтар табыстау рәсімімен аяқталады.

MIXNEWS.KZ

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған