«БАРЫС» ХОККЕЙШІСІ ҚАРСЫЛАСЫН НОКАУТҚА ЖІБЕРДІ

Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы «Барыс» пен «Авангард» ойыны тартысты өтті. Жігіттер мұз айдынында хоккей ойнап қана қоймай, төбелесіп те үлгерді.

Кезекті шабуылдардың бірінде «Барыстың» ойыншылары қонақтардың қақпа маңына жақын келіп қалған. Осы сәт қарсыластың ойыншылары қаумалап, алаң қожайындарын қысымға ала бастады. Командаластарына көмекке келген «Барыстың» шабуылшысы Павел Акользинге де «Авангардтың» ойыншысы Кирилл Петровтың өзі келіп соқтықты. Жағасына жармасып, шәлтірең-шәлтірең етіп қояр емес. Павел сөзін қор еткен жоқ. Жекпе-жекке шақырған соң ортаға шықты да, бір-ақ ұрып нокаутқа жіберді. Иә, бір-ақ ұрды. Петров естен танып қалды. Сәлден соң тұруға ұмтылғанымен, аяқ-қолдары икемге келмей, қайта құлады. Командаластарының көмегімен мұз айдынын тастап шыққан ол ойынға қайта оралған жоқ.

Бұл ойын сәті жайында ресейлік «Советский спорт» басылымы былай жазды:

«Бұл кездесу соғылған көп шайбамен емес, Павел Акользин мен Кирилл Петровтың керемет төбелесімен есте қалды. «Барыстың» шабуылшысын омбылықтың өзі жекпе-жекке шақырған. Алайда екінші соққыдан кейін мұзға құлап, ұзақ уақытқа дейін көтеріле алмай жатты».

Ал осы ойынды тамашалаған ресейлік жүргізушілер жерлесіміздің соққысына тамсанып «Қазақстанда боксты жақсы көреді» десті.

Мирас ӘСЕМ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған