БІЗДІҢ АЛДЫМЫЗДА ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МІНДЕТІ ТҰР

Түркістан қаласында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Түркістан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Ж.Түймебаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов пен облыстық маслихат хатшысы Қ.Балабиев пен маслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Түркістан облысының даму жоспарын таныстырды.

«Біз сіздермен жаңа дәуірі басталған Түркістан қаласында жолығып отырмыз. Бұл да бір тарихи оқиға деуге негіз бар. «Нұр Отан» партиясының тарихы тәуелсіз Қазақстанның дамуымен тығыз байланысты. Партиямыз елімізде өткен алғашқы сайлауда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың реформасын қолдаған жалпыхалықтық коалиция базасында құрылды. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы партиямызға үлкен сенім артып отыр. Ал, сенімге қиянат жасамау – қасиетті борыш. Бүгінгі конференциямызға партия құрылған күнінен бастап елге еңбегі сіңген партия ардагерлері мен белсенділері қатысып отыр. Біздің алдымызда Түркістан облысын, оның орталығы Түркістан қаласын дамыту міндеті тұр. Бұл – тарих алдындағы, Отан алдындағы үлкен жауапкершілік әрі сенім. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, ғұламалар мен ойшылардың ізі қалған өңірде ел үшін құлшына еңбек ету – үлкен мәртебе. Сондықтан біз атқаратын жұмыс, бағындыратын шыңдар аз емес», – деді облыс әкімі.

Конференция жұмысын қорытындылаған облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасы Жансейіт Түймебаев алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, жүктелген міндеттер мен тапсырмалар өз мерзімінде әрі сапалы орындалуына сенім білдірді. Конференцияның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған