БІР КОМАНДА ҮШІН 3 640 870 000 ТЕҢГЕ АЗ БА, КӨП ПЕ?

Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) аясында сынға түсіп жүрген «Барыс» командасының жылдық бюджеті белгілі болды. Бұл мәліметті ресейлік championat.com сайты жариялады.

«Барысқа» бір маусымда 4 миллиард теңгеге жақын қаржы жұмсалады екен. Нақтырақ айтсақ, 3 640 870 000 теңге (631 млн. рубль). Аз ақша емес. «Ойпырмай, «Барыс» бір маусым ойнамаса, 4 миллиардқа жақын қаражат үнемдейді екенбіз-ау» деп те қалдық, ішіміз өртеніп. Ал команданың бәсекелестеріне қарасаңыз, бұл біз ойлағандай көп те қаражат емес екен.

«Барысты» мақтағымыз келіп тұр. Андрей Скабелканың келуімен ұжымда тәртіп орнады. Жаңа менеджерлер де жақсы жұмыс жасаған. Клубта түсінбеушілік пен түрлі былықтардың болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Қазір бәрі керісінше, соның арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізді. ҚХЛ клубтарымен салыстырып қарағанда қомақты деуге келмейтін қаржымен астаналықтар өз дивизионында топ жарып, Шығыс конференциясында екінші орын алды. Бізге «Слован» және «Куньлунь» сияқтылар емес, дәл осындай шетелдік командалар керек» деп жазады championat.com «Барыс» командасы туралы.

Шығыс конференциясында 13 команда болса, нәтижесі жөнінен «Барыс» тек «Автомобилисттен» ғана төмен тұр. Ал бюджеті жөнінен 3 командадан ғана жоғары.

Айта кетейік, кеше «Барыс» плей-офф сынындағы алғашқы ойынын өткізіп, «Торпедоны» 4:1 есебімен тас-талқан етті. Келесі ойынын ертең, 28 ақпанда өз алаңында өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған