ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТПЕК

Шымкенттік қолөнерші ағаштан жасалған ұлттық нақыштағы ыдыстарын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы аясында келетін қонақтарға ұсынбақ. Ардақ Күмісбекұлы қолдан қашап жасалған ағаш ыдыстың 30-дан астам түрін дайындайды. Бүгінде шебер өз өнімдерін Ресей мен Өзбекстан еліне шығаруда. Ал алдағы уақытта Қытай мемлекетімен келісім шарт түзбек. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда ағаштан ойылып, ұлттық өрнек салынған қазақы табақтарды пайдалану сәнге айналғанын айтқан ол әсіресе ет тартуға арналған ағаш астаулар бүгінде өтімді екенін атап өтті.

– Астау, қымыз жиынтықтары, оюмен зерленген тостағандар, кебеже, интерьер заттары табиғи өнімнен жасалған соң, ыстыққа да, суыққа да төзімді. Дастарханға қойылатын бас табақ түрлі өлшемде жасалған. Оюмен қашалған соның бірі қойдың басын салуға лайықталған, – деді шебер.

Қолөнерші ағаш бұйымдарын емен, шынар, қарағаш, жаңғақ, қайың және қызыл ағаштардан жасайды. Аталған өнер ата-бабаларынан дарығанын айтқан ол бұл кәсіппен айналысып жатқанына 7 жыл толып отыр екен. Осы уақыт ішінде 56 шәкірт тәрбиелесе, соның ішінде бес облыстан келген шәкірттері өз кәсібін ашыпты.

Осылайша, Ардақ Күмісбекұлы ТМД елдерімен мәдени байланысты нығайтуға бағытталған аталмыш шара арқылы қазақтың ұлттық құндылықтары мен рухани байлықтарын әлемге паш етпек.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған