ҚАЗАҚСТАН ҚАУІПСІЗ ЕЛ МЕ?

Америкалық Global Finance журналы әлемдегі ең қауіпсіз елдердің рейтингін жасады. Бұл тізімде Қазақстан 44-орынға жайғасқан.

Рейтингті түзу барысында елдердегі әскери қақтығыстың тұтану мүмкіндігі, тұрғындардың жеке қауіпсіздігі, экономикалық дамуы және табиғи апаттардың орын алу ықтималдығы секілді маңызды жайттар ескерілген.

Басылымның мәлімдеуінше, әлемдегі ең қауіпсіз ел Исландия екен. Одан кейін үздік ондыққа Швейцария, Финляндия, Португалия, Аустрия, Норвегия, Қатар, Сингапур, Дания және Жаңа Зеландия енген.

Тізімдегі 128 елдің ішінен Қазақстанға 44-орын бұйырыпты. Ал Армения – 62, Тәжікстан – 68, Әзірбайжан – 78, Қырғызстан – 89, Ресей – 108, Украина 116-орынға жайғасқан.

Табиғи апаттар жиі орын алатын Жапонияның 43-орынға жайғасқаны түсінікті. Тек табиғи апаттар ғана емес, көп жағдайда кісі өлімімен аяқталатын қылмыстар көп тіркелетіндіктен АҚШ 65-орында. Соңғы ондықты Венесуэла, Мали, Чад, Бангладеш, Колумбия, Пәкістан, Нигерия, Сальвадор, Гватемала, Йемен және Филиппин елдері түйіндеген. Ал оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан қауіпсіз елдер тізіміне мүлде енбеген.

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған