ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҚҰЛАГЕРІ

АҚЫН, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ І. ЖАНСҮГІРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 125 ЖЫЛ

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың оқу залында 15 мамыр күні кезекті сәрсенбіде лирик ақын, драмашы, прозашы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының құлагері» атты іс-шарасы өтті.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының басшысы болды. 1925-1928 жылдар аралығында Мәскеудегі журналистика институтын бітіріп, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы жалған айыппен тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, ату жазасына кесіледі.

Ол қазақ әдебиетінде 20 жыл еңбек еткен. Алғаш өлеңдерін 1912 жылы жазған. Өкінішке орай ерекше талант иесі бойындағы бар асыл жырларын халқына бере алмай кетті.

Жансүгіров – өртеңге шыққан құдіретті өрт ақын. Ақындық жолын Құлагерше жазып үлгере алмай, Құлагерше қапыда мерт болды. Оның шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Оның тірі кезінде 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетіне үлкен үлес болып, мәдениетіміз бен руханиятымыздың алтын қорын байытты. Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілген.

Нағыз ақын да келмеске кетеді.

Бірақ, нағыз ақынның сөзі өлмейді.

 Нағыз ақынның үні өшпейді, – деп Ілияс Жансүгіровтің поэзия жалауы қазақ жырының көгілдір аспанында мәңгі толқи тербеліп тұратынына сенеміз.

Назгүл ЕСПАНОВА,

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының кітапханашысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған