АСТАНАДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІК ресейліктерді де бей-жай қалдырмады

Әдетте Қазақстан тарапынан сын айтылса немесе наразылық білдірілсе, оған ешкім құлақ аса бермейді. Енді Астанада орын алған әділетсіздікке ресейлік басылымдар да үн қата бастады. «Ештен кеш жақсы» деген. Бәлкім, енді біздермен де санасатын болар.

Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы сынға түсіп жүрген «Барыстың» ойынын бақылап жүргендер біледі, біздің ұжымға қарсы жиі әділетсіздік орын алып жүргенін. Ресейлік қай ұжымға қарсы ойнаса да, төрешілердің бүйрегі жерлестеріне бұрады да тұрады. «Барыс» шабуылда кезде уақытынан бұрын ысқырып ойынды тоқтату, біздің командаға қарсы бұзылған ойын ережесін байқамай қалу секілді жайттарға ет үйреніп кеткені қашан. Ресейлік команда ұжымының тәртіп бұзғанын байқап қалса, «Барыстың» ойыншысы әдейі құлады» деп, оны да мұз айдынынан бірге қуады. Ең сорақысы сол, елордалық клуб соққан шайбалар жиі есепке алынбай жатады. «Барыс» шайба соқса болды, видеодан мың қайтара қарап, есептемеудің түрлі тәсілін қарастыра бастайды. Мұндай жайт ақпанның 16-сы күні өткен «Барыс» пен «Авангард» кездесуінде де тіркелді.

Есепті бірінші «Барыс» ашып, қорғаушы Виктор Сведберг мергендігімен танылған (1:0 – 11:37). «Қақпашыға кедергі келтірді» деген сылтаумен қонақтар бұл шайбаны есепке алдырмауға тырысқан. Төрешілер бұл ойын сәтін видеодан жүз қайтара қарап, ілік таппаған соң амалсыз есепке алды.

Есепті «Авангард» сапынан Пивцакин теңестірді (1:1 – 48:19).

Жеңімпаз негізгі уақытта анықталмаған соң қосымша уақытта ойнауға тура келді. Мұнда қазақ клубының сапынан Андре Петерссон мергендігімен танылып, командасына жеңіс сыйлаған еді. Бірақ араға минуттар салып, тағы да видео қайталаудың көмегіне жүгінген төрешілер «Барыстың» шабуылшысы ойыннан тыс қалғанын анықтапты. Сөйтіп, буллиттер сериясында жолы болған «Авангард» 1:2 есебімен жеңіске жетті.

«Барыс» соққан екінші шайбаның неліктен есепке алынбағаны жергілікті жанкүйерлер мен басылым өкілдері үшін ғана жұмбақ болып қалмаған екен. Қанша уақыттан бері әділетсіздіктердің куәсі болып жүр емес пе, осы жолы көз жұма қарауға адамгершіліктері жібермесе керек. Ресейлік басылымдар да төрешілер тарапына сын айта бастады.

Ресейлік Championat.com сайты «Ойындағы жеңісті тартып алғанымен, «Барыс» дивизионда топ жарды» деген тақырыппен материал жариялады.

«Ойын айдын иелерінің жеңісімен аяқталуға тиіс болатын. Андре Петерссон овертаймда шайба соғып, командасына жеңіс әкелген. Алайда төрешілер басқаша шешім шығарды. Ойыннан тыс қалды деген себеппен соғылған шайба есепке алынған жоқ. Мұндай жағдайлар соңғы уақытта жиі қайталанып барады» делінген сайт жариялаған материалда.

«Петерссонның шайбасы ойыннан тыс қалуы себепті есепке алынған жоқ. Экраннан байқағанымызда бәрі таза болатын. Қызық, ҚХЛ-ның бұл ойын сәті жайындағы жауабын қанша уақыт күтер екенбіз?» делінген ресейлік БАҚ-та.

Мұндай жағдайлар бұрын да талай тіркелген. Ең бастысы, ресейлік басылымдардың плей-офф ойындары жақындаған сәтте үн қата бастағаны қуантады. Алдағы уақытта төрешілер бізден болмаса да, ресейлік БАҚ өкілдерінен аяқ тартып, әділетсіз шешімдерге бара қоймас деген үміт бар.

Айтпақшы, «Авангард» өздерін жұбатудың жолын тауыпты әйтеуір. Биылғы маусымда «Барыспен» 4 рет ойнап, төртеуінде де жеңіске жеткенін мақтана жазыпты. Таза жеңіске жетсе, біз де мойындар едік. Төрешілердің тартып әперген жеңісі сіңімді бола қояр ма екен? Шын мықты болса, турнир кестесінде «Барысты» неге басып оза алмады. Елордалық клуб осындай әділетсіз ойындарда ұпай жоғалтқанына қарамастан омбылықтардың алдында келеді.

Айта кетейік, «Авангардпен» ойында 1 ұпай олжалаған «Барыс» өз дивизионында жеңімпаз атанды. Ал Шығыс конференциясында 84 ұпаймен екінші орында келеді.

«Барыс» келесі ойынын 18 ақпан күні сырт алаңда «Адмиралға» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған