АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ТӨЛЕМНІҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ана мен баланы қолдаудың ұлттық моделі құрылған, ол 8 мемлекеттік жәрдемақы мен 3 төлемнен тұрады. Жалпы алғанда, бұл мақсаттарға 2020 жылы 682,9 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Бала тууды ынталандыру және отбасында балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесу мақсатында 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы енгізілді, оның мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты сараланған. Сонымен, 2020 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (бұдан әрі – АЕК) немесе 100 738 теңгені құрайды, ал төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК немесе 167 013 теңге төленеді.

2006 жылдан бастап жұмыс істемейтін ата-аналарға бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Ол отбасының табысына қарамастан тағайындалады және оның мөлшері төртінші балаға дейін артып отырады (бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 15 270 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 18 054 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 20 811 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК немесе 23 594 теңге).

2008 жылдан бастап жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жүктілікке және босануға байланысты табысынан айрылған жағдайда төлемдер қарастырылған, бұл олардың табысының 40% құрайды.

2010 жылдан бастап мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналары мен қамқоршыларына 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы енгізілді. Оның мөлшері 2019 жылы 41 578 теңгені құрады.

2018 жылдан бастап 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау үшін жаңа ай сайынғы жәрдемақы енгізілді. Оның мөлшері де 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең.

Бұдан басқа, ананы қолдау және ананың беделін арттыру мақсатында 2010 жылдан бастап көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапаттау шарттары өзгертілді. «Алтын алқа» алқасымен жеті және одан да көп балалары (бұрын – он және одан да көп) бар аналар, ал «Күміс алқа» алқасымен алты баланың анасы (бұрын – сегіз) марапатталады. Сондай-ақ оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 3,9-дан 6,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2019 жылы аталған жәрдемақының мөлшері 16 160 теңгені құрады. 2020 жылы аталған төлемнің орташа мөлшері 16 967 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, базалық деңгейде әлеуметтік сақтандыру төлемдері, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша төлемдер қарастырылған. Аталған жәрдемақы жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты арттырылады. Мәселен, 2019 жылы 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері 41 578 теңгені, 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға: бірінші топ – 57 021 теңгені, екінші топ – 47 220 теңгені, үшінші топ – 35 638 теңгені құрады. 2019 жылы асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері 25 541 теңгеден 76 027 теңгеге дейін болды. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған жәрдемақы 5 %-ға өсті.

Сондай-ақ 2014 жылдың басынан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде олардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға, зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне қол жеткізуге ықпал ететін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді. 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін 87,8 мыңға жуық әлеуметтік төлем алушылардың жеке зейнетақы шоттарына республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге аударылды.

Көпбалалы отбасыларды қолдау 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төлеу есебінен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде төленеді: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге. Ағымдағы жылғы қаңтар айында 369 мың отбасы жәрдемақы тағайындалып, оларға 17 млрд. теңгеден астам қаржы төленді.

2020 жылы мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдерді төлеуге 682,9 млрд. теңге көзделген.

MIXNEWS.KZ

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған