Сәбіз, жұмыртқа және кофе

Бірде қызы әкесіне келіп:

– Әке, шаршадым. Менің өмірім сондай ауыр. Қиындықтан көз ашпаймын. Ағысқа қарсы жүзіп келгендеймін. Енді әлім қалмады. Не істесем болады? – дейді мұң шағып.

Әкесі жауаптың орнына үнсіз ғана іске кірісті. Су құйылған үш ыдысты отқа қойып, біріне сәбіз, екіншісіне жұмыртқа, үшіншісіне кофе салды. Су қайнап, аз ғана уақыт өткен соң сәбіз бен картопты алып, кофені кесеге құйды. Сосын қызынан:

– Не өзгерді? – деп сұрады.

– Сәбіз бен жұмыртқа пісті. Ал кофе еріп кетті.

– Жоқ, олай емес қызым. Сен сыртқы көрінісін ғана айтып отырсың. Қарашы, қатты сәбіз қайнаған суға түсіп жұмсарды. Сырты сынғыш сұйық жұмыртқа соққыға төзімді өнімге айналды. Иә, сыртқы көрінісі өзгерген жоқ. Бірақ екеуі де қайнаған суда болғанның арқасында жағдайға байланысты бейімделіп, құрылымын өзгертті. Адамдар да сол сияқты. Мықты көрінген жандар қиындыққа тап болғанда морт кетіп, сынып қалуы мүмкін. Керісінше, нәзік әрі момын жандар түрлі кедергілерге тап болғанда шыңдалып, төзімділігі арта түседі.

– Ал кофе ше?

– О, міне, ең қызықтысы да сол. Кофе жаңа ортаға түсті. Нәтижесінде өзін де, айналасын да өзгертті. Яғни қайнаған қара суды хош иісті сусынға айналдырды. Өмірде де ерекше жандар бар. Жанындағы адамдарға нұрын шашып, олардың да оң өзгеріске ұшырауына септігін тигізеді. Кез келген жағдайды көпшіліктің пайдасына бейімдей біледі…

Аударған: М.СЕРІКБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған