САБАҚҚА ҚАЙ УАҚЫТТА ДАЙЫНДАЛҒАН ДҰРЫС?

Сағат тілі кешкі тоғыздан асқаннан балаларды ұйқыға дайындай бастайтынымыз рас. Олар да жата қоймайды. Сабаққа дайындалатынын айтып, ырғалып-жырғалып жүріп алады. Ондайда дауыс көтеріп «Ерте тұрғызамын, тынығып тұрған баланың басына сабақ тез қонады» дейтініміз бар. Сөйтсек, қателеседі екенбіз.

Жұмыстан шаршап келген күй танытып, кешке жатып бір теледидар қарағыңыз келеді. Бала-шағаны айқайдың күшімен ұйықтатып тастап, көгілдір экранды тыныштықта тамашалауды ойлайсыз. Біздің өз ойымыз бар, ал ағзамыздың уақытқа байланысты өз жоспары бар екен. Мидың есте сақтау қабілеті мен оқу, білу, тануға жауап беретін бөлігіне үстемдік етуші кортизол сағат 21:00-ден кейін әлсірей бастайды. Соның арқасында оқығаныңыз бен көргеніңіз басқа тез қонады. Яғни, көп ақпаратты дәл осы уақытта еш қиындықсыз есте сақтай аласыз.

Аталған уақыт тек балалардың ағзасына ғана арналған деп ойламаңыз. Емтиханға немесе жиналыста жасайтын баяндамаға дайындалу үшін де ересектерге осы уақыт тиімді.

Бұл ойдан шығарылған сылдыр сөз емес. Ұйқыға бас қояр алдын есте сақтау қабілетінің белсенділігі жоғары болатынын ғалымдар да дәлелдеген. Оқығаныңызды ұзақ уақытта ұмытпай жүруді қаласаңыз, дайындықтан соң бірден жастыққа бас қойған абзал. Бұл сіз таныған соңғы жаңалықтардың көпке дейін есте сақталып қалуына септігін тигізеді.

Бәсе, жиналыста отырған депутаттар неге қалғып кете береді десек. Иә-иә, күлетін ештеңесі жоқ. Көп ақпарат жинаған кезде адамның ұйқысы келеді екен. Оқылған баяндамаларда не айтылғанын есте сақтап қалу үшін олар да бір қалғып алғанды құп көреді екен-ау.

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған