МӘЙЕГІ МЫҒЫМ МӘДЕНИЕТКЕ ТУРИСТЕР ДЕ ҚЫЗЫҒАДЫ

Шырайлы Шымкент шаһары үшінші мегаполис мәртебесін алысымен халықаралық іс-шараларға белсене араласа бас­та­ды. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан 2200 жылдық тарихы бар ежелгі қала 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени аста­насы болып жарияланды. Енді шетелден келген қонаққа Қазақ елінің меймандостығын, мәдениетін, тұрмыс-салтын, дәстүрін жақсы қырынан көрсету қажет. Осы арқылы миллионнан астам тұрғыны бар қаланы халықаралық ірі туристік маршруттарға қосқан ләзім. Таяуда тұрғындарға берген жылдық есебінде шаһар басшысы Мұрат ӘЙТЕНОВ бұл тұрғыда қаланың жоспары айқын, мақсаты биік екенін жеткізді. Қала әкімімен әңгімемізде аталған тақырыпты тарқата түстік.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, биылғы жыл – шымкенттіктер үшін ерекше жыл. Өйткені Шымкент шаһары 2020 жыл­ғы ТМД елдерінің мәдени астанасы бо­лып жарияланды. Шын мәнінде, бұған қуанып жатқандар аз емес. Осы атау­­лы жылға байланысты үшін­ші мегаполисте қандай іс-шара­лар ұйым­дас­тырылмақ? Алғашқы сауалды осы­дан бастасақ.

– Ең алдымен Шымкент қаласының тұрғындарын осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Шымкент – ұлтымыздың ұйытқысы, құт қонған киелі мекен! Шымкенттің ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленуі сүйікті қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін. Мән-маңызы зор бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барша шымкенттіктер жұмыла кірісіп, атсалысуы қажет. Шымкентте «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара бекітілді. Ресми ашылуын 22 наурызға жоспарлап отырмыз. Ашылу салтанаты Шымкенттегі 18 мың адам сыятын Орталық стадионда өтпек. Бұдан бөлек, осы мерейлі шарамен орайластырып, қаламызда шоқтығы биік ірі шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, ғұлама ойшыл әрі ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдығына орай ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ТМД ЖОО-ның форумы, ТМД елдерінің опера және симфониялық оркестрлерінің фестивальдары, «Душа Евразий» фестивалі, шаттыққа толы түрлі гала-концерттер мерекенің ажарын арттыра түспек. Ұлы Жібек жолы дәстүрі қолөнер шеберлерінің көрмесі, ТМД елдері ұлттар циркінің өнерлері де көптің көңілінен шығады деген ойдамыз. Шымқаланың шырайына шырай қосатын басқа да іс-шараларды тамашалайтын боламыз. Қысқасы, Шымкенттің бүгінгі келбетін, тұрғындарының ыстық ықыласын ТМД елдеріне жан-жақты паш етсек дейміз.

– Мерекелік шараларға дайындық барысы қалай?

– Әрине қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Барлық іс-шараларға үлкен-кіші демей жауапкершілікпен қараймыз, ол үшін арнайы штаб құрдық. Бұл штабқа қала әкімі ретінде жетекшілік жасаймын. Оған әр саладан мамандарды тартып, дайындығымызды пысықтап, зерделеу жұмыстарын жүр­гіздік. Қаланың көрнекі жерлерін аралап шықтым. Қазір мерекеге әзірлік негізінде бес бағыт бойынша жоспар жасадық. Бірінші кезекте, құрылысы жүріп жатқан нысан­дар­дың сыртқы келбеті, шаһардың күн­дізгі және түнгі шырайы, қала таза­лы­ғы, міне, осы мәселелер бойынша тия­нақты бақылау жүргіздік. Аты айтып тұрғандай, мәдени астана болған соң, біз өз мәдениетімізді барлық сала­да ұялмайтындай етіп көрсетуіміз керек. Екінші кезекте, туристік инфра­құрылымды дамытуға басымдық беру­де­міз. Шымкент – бұрыннан турис­тер­ге тартымды шаһар, қаламызда зәу­лім қонақүйлер, дәмханалар бар, дендро­саябақ, зообақ, тағы басқа көрікті орын­­дар жетерлік. Олар Шымкенттің шы­найы мақтанышы, қалаға келген қо­нақтарға да ерекше жылы шуақ, естен кетпес әдемі әсер сыйлайтыны рас. Дегенмен, мұның бәрі бірлесіп жұмыс істемеген. Яғни әрқайсысы өз қазанында қайнап, өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – осы туристік маршруттарды біріктіріп, жүйелеп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал ету.

Қаланың көрікті орындарын көрсететін арнайы туристік маршрут ашуды да жос­парлап отырмыз. Ол маршруттардың арақашықтығы 30 минуттан болады.

– Турист демекші, қалаға келген қонақтардың қауіпсіздігі өте ма­ңыз­ды. Бұл ретте туристердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін қандай шаралар қолға алынуда?

– Шымкент – заманауи мегаполис ретінде күннен-күнге гүлденіп, елі­міздің абыройын, мемлекетіміздің кел­бетін асқақтатып келеді. Бұл ретте, ең бастысы, қала қауіпсіздігі – басты назарымызда. Қазіргі таңда Шымкентте алғаш рет туристік полиция бөлімі құры­лып жатыр. Оған Шымкент қала­сы Полиция департаменті конкурс жа­риялап, мамандарды іріктеп алуда. Сосын қаламызда көлік көп, автотұ­рақ­тар мәселесі туындамас үшін Поли­ция департаментімен бірлесіп, әр ғи­мараттың алдында кезекшілік қоямыз. Өздеріңіз білесіздер, қаладағы поли­цей­лердің қызметтік көліктері де жаңа­руда, «ТМД-ның мәдени астанасы» жы­лына орай, жақында шымкенттік тәртіп сақшыларына 100 арнайы көлік беріл­ген еді. Ендігі ретте полицейлер де тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барынша қырағылық танытатын болады. Тағы бір айтқым келгені, Наурыз мерекесінде еліміздің тұрғындары 4-5 күн демалатыны белгілі. Шымкентте бұл күндері жер бусанып, күн жайнап-жарқырап тұрады. Наурыз алаңында арнайы этноауыл бой көтереді. Онда қазақтың салт-дәстүрі, халқымыздың терең тарихы таныстырылады. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де үлкен қолдау көрсетеміз деп отыр. Ипподром алаңқайында да түрлі мерекелік шаралар, жыл сайын өтетін дәстүрлі «Ашық аспан» фестивалі болады. Осы демалыс күндеріндегі мерекеге тек Шымкент төңірегі ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар көптеп келеді деп ойлаймыз. Қазір біз авиатасымалдаушы компанияларға Наурыздағы мереке күндеріне қосымша рейстерді ашуға ұсыныс жасадық.

– Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы таяуда Шымкенттің 2200 жылдық тарихын ресми түрде бекітті. Осы орайда мил­лионды қала тұрғындары Шым­кент­тің көне бөлігі – «Ескі қала­шық­­тағы» Цитадельдің құрылыс жұ­мыс­­тары, соның төңірегіндегі тұрғын үй­­лер­дің болашағы жөнінде білгісі ке­ле­ді. Осы туралы тарқатып айта кетсеңіз… 

– Шымкент қаласы Қазақстанның көне қалаларының бірі екені ресми нақтыланып, қаланың 2200 жылдық тарихы бекітілді. ЮНЕСКО бұл датаны биыл өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Мұндай шешім былтыр Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында қабылданды. Әрине «Ескі қалашықта» шаһардың өткенін айқындап, терең тарихына бойлайтын тарихи жәдігерлер аз емес. Қазір онда құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол жер қызу құрылыс алаңына айналған. Сөз жоқ, ғасырлар тоғысқан Цитадель қаланың негізгі туристік нысандарының бірі болмақ. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Жоспар бойынша Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары осы жылы аяқталады. Цитадельдің ма­ңайын­дағы ескі үйлерге келсек, олар­ды дәл қазір бұзып тастаймыз деп айта алмай­мын. Қаланың бас жоспары бо­йынша әлі де өзгерістер болады, содан соң жаңа тұрғын үйлер салу жайын тал­қы­ла­мақ ниеттеміз.

– «Театр киім ілгіштен басталады» деген ежелгі сөз бар. Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болған соң келетін қонақтарды күтіп алу мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Яғни туристердің көңілінен шығатындай жайлылық, қызмет сапасы, қонақтарды тасымалдау, оларды алып жүретін азаматтардың шет тілін білуі секілді мәселелер де жоқ емес. Осы бағытта қосымша жұмыстар атқарыла ма? 

– Таяуда Шымкент қаласының Ассамблея мүшелерімен кездестім. Өзіңіз айтқандай, олармен кездесуде теа­тр тақырыбында келелі әңгіме өрбіттік, сахналық киімдерін жаңалау жайы да назардан тыс қалмады. Алдағы Наурыз мерекесіне дейін сахналық киімдерді толық қамтамасыз ететін боламыз. Биыл әлем туристерінің назары Шымкентке ауады десем, артық айтқандық емес. Қызмет сапасы деп жатырсыз ғой, осы жылы Шымкентке сыйымдылығы үлкен 500 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Алдағы мамыр айында қаланың көрікті орындарын аралайтын арнайы туристік маршрут ашпақпыз. Қазір қоғамдық көліктердегі кондукторлардың киімі де бірыңғай етіп дайындалуда, олардың галстуктеріне дейін ерекше дизайнмен жасалмақ. Кондукторлардың мәдениетіне де бейжай қарамаймыз. Олардың ағылшын тілін меңгеруі бо­йынша арнайы семинар өткізбекпіз. Жалпы, қаладағы ірі іс-шараларға шет тілін жетік білетін волонтерлерді тарту да жоспарымызда бар.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау іс-шаралар әкімдіктің ғана атқа­ратын жұ­мысы емес, меніңше. Бұған қала тұр­ғындары да атсалысуы қажет деп ой­лаймын. Бұл ретте шымкент­тік­тер­ге айтарыңыз бар ма?

– Дұрыс айтасыз, бұл – бәріміздің бір­лігімізді, елдігімізді көрсететін шара. Шым­кентті көпшілік қонақжай қа­ла, тұр­ғындары еңбекқор әрі жайдары көңілді деп бағалап жатады. Оған ешкім қарсы дау айтпас. Дегенмен, осындай айтулы шара кезінде барлық салада да үлгі боларлық істерімізді көрсетейік. Мәдениеттілік тек концерт қоюмен ғана шек­теледі десек, қателесеміз. Осы орайда қала тазалығына әрбір тұр­ғын жауапты болуы қажет. Жоғары мә­дениет­­тілік тазалықтан басталады. Алда қаланы абаттандыру ісіне ерекше мән береміз, тазалық шараларын жиі ұйым­дастырамыз. Сондай-ақ мил­лион тұрғыны бар қалаға миллион көшет отырғызу жобасын қолға алмақпыз. Бұл қоршаған ортаға, сүйікті қаламызға деген қамқорлық пен мәдениетімізді жоғарылата түседі деп ойлаймын. Барша шым­кенттіктерге айтарым, үлкен жауап­кершілікті сезініп, мәдени астана жылын абыроймен өткізуге хал-қадерімізше үлес қосайық дегім келеді.

Мұрат Әйтеновтің республикалық

«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған