Гульвира ИБРАЕВА, диетолог, «ИнстаАна-2018» жобасының жеңімпазы: «ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ МЕН ЖАТТЫҒУДЫҢ АРҚАСЫНДА АРТЫҚ САЛМАҚТАН АРЫЛДЫМ»

 

Бүгінде артық салмақ қосу әлемдегі ең үлкен мәселелердің бірі болып тұр. Ал Қазақстан Орта Азияда семіздік бойынша көш бастайды екен. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ресми мәліметіне сүйенсек, миллионға жуық отандасымыз артық салмақтан зардап шегіп отыр. Демек, еліміздің тұрғындары дұрыс тамақтануға аса үлкен көңіл бөлмейді сөз.

Бүгінде әлеуметтік желінің қоғамда алатын орны ерекше. Пайдалы және зиянды тұсы да аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен, ең бастысы әлеуметтік желі арқылы қоғамға пайдалы ақпарат беріп, аз да болса жақсылықтың жаршысы болуға тырысып жүрген жандар бар екенін ұмытпайық. Бір қызығы, әлеуметтік желі арқылы арықтауға да болады. Бүгінгі «Сұхбат» айдарының алғашқы қонағы қазақ қыз-келіншектеріне «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да көмегін тигізуге тырысып, бар білгенімен бөлісіп жүрген аяулы ана, асыл жар, қазақтың қарапайым ғана қызы, жаны жайсаң жан – Гульвира ИБРАЕВА.

Ең алдымен өзі артық салмақтан арылып, білгенін өзінің инста-парақшасында жазып, өзге де қыз-келіншектерге үлгі болып, жол көрсетіп жүр. Ендеше әлемдегі көрсеткішімізді жақсарту үшін қыз-келіншектерге артық салмақтан арылу бойынша қазақ тілінде ақпарат беріп, арықтауды үйретіп жүрген Гульвира секілді жандар көптеп керек.

– Сіздің бүгінгі жемісіңіз, ең алдымен өзіңізді жеңе білгеніңіз екенін жазбаларыңызда үнемі айтып жүресіз. Қазақтан асырып айтқан ешбір халық жоқ шығар. «Мықты болсаң, өзіңмен күрес» дейді. Жалпы өзіңізбен күресуді қай кезден бастап қолға алдыңыз?

– Өзіммен күресуді осыдан екі жыл бұрын қолға алдым. Сол кездегі Гульвираны ойлап қарасам, мүлде басқаша адам болған екенмін деп қазір нақты айта аламын. Мүлдем басқаша, рас айтамын. Қазір мен шын мәнісінде де қатты өзгердім. Барлық жағынан, әсіресе ішкі әлемімді өзгерттім. Ішкі жан дүниені өзгерту деген өте керемет сезім.

– Қайда дүниеге келдіңіз? Жалпы туып-өскен ортаңыз жайлы айтсаңыз. Диетологияға келмес бұрын қай мамандық иесі едіңіз?

– Мен Жамбыл облысы, Аса ауданы, Еңбек деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келгенмін. Әкем марқұм тракторист болып жұмыс істеген совхозда анам есепші болып қызмет атқарған. Біз үйде бес ағайындымыз. Екі ағам, екі әпкем бар. Мен үнемі әкем мен анамды екі қанатым деп есептейтінмін. Екі қолым бар деп екі әпкемді айтатынмын. Екі ағамды неге екенін қайдам, екі аяғым деп есептеппін. Екеу болғаннан шығар деп ойлаймын. Мен өзімді осы бес жұлдыздың ортасында тұрғандай көз алдыма келтіретінмін. Осындай бір үлкен жылы жүрекшенің ортасында тұрғандай елестететінмін. Ата-анам, екі ағам мен екі әпкем барлық жағымнан қоршап тұрғандай көрінетін. Мектепте шығармалар жазғанда осы секілді бір керемет ойлармен астастырып жазатынмын. Балалық шағымның барлығы осындай суреттемелер мен тамаша әсерлерге толы болған. Шынымды айтсам, үйдің ең кенжесі болғандықтан шығар, өте ерке қыз болғанмын. Физика пәнін өте жақсы көремін. Сол пәнді жақсы көргендіктен инженер мамандығын таңдап, Петропавл қаласында инженер-метролог мамандығын бітіріп шықтым. Мектепті қазақ тілінде оқып, университетті орыс тілінде бітіріп шықтым. Екі жыл магистратурада оқыдым.

– Гульвира ханым, дәл қазіргі инстаграм парақшаңыздағы алғашқы жазбаңыздың өзі арықтаудан басталған екен. Демек қазақтың қыз-келіншектеріне салмақ тастауға көмектесуді сол кезден бастап, яғни 2017 жылдың 10 маусымынан бастап қолға алыпсыз. Бұл қадамға сізді не итермеледі?

– Иә, инста-парақшамды 2017 жылдың наурыз-сәуір айларында ашқанмын ең алғаш. Ол кезде қыр-сырын онша білмеймін инстаграмға кәдімгідей жанұялық суреттерімді салатынмын. Ешқандай жазба салмайтын едім. Сол кездерде мен ақырындап арықтап жүрдім. Дәл сол сәттерде, толық кезде түскен, 5-6 ай бұрынғы суретімді алып фотоколлаж жасап инста-парақшама салдым. 2017 жылдың 10 маусымында салдым. Сол фотомның астына ойын жазып, жекеме шығып қыз-келіншектер хабарласа бастады. Алғашында таныстарыма қызық болды, кейіннен мен танымайтын бөтен қыз-келіншектер хабарласа бастады. Көбірек лайк жинап, көбірек талқыға түскен парақшалар инстагармның «қызықты» деген айдарына шығады екен. Осы арқылы менің сол жазбамды көргендер хабарласа бастады. Хабарласқан жандардың қызығушылығынан менің шабытым ояна бастады. Іштей ойладым: «Менің арықтауым қызық екен ғой. Мен жасай алдым, неге өзге қыз-келіншектер де жасай алмайды. Олар да арықтап, сымбатты болуы керек қой» деген ой туды. Сол сәттен бастап мен парақшама тек қана арықтау, сымбаттылық жайлы жазуға шешім қабылдадым.

Диетолог мамандығын да осы инстаграмдағы оқырмандарымның арықтау тәсілдеріме қызығушылығы артқан соң оқыдым. Менің тәсілдерім, жазбаларым арқылы арықтау барысында қыз-келіншектерге зияным тиіп кетпес үшін оқып алуға шешім шығардым. Себебі, қазақта жақсы сөз бар ғой «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген. Менің өзге жандардың денсаулығын қатерге тігуге еш құқығым жоқ.

– Өзіңіз секілді блог жүргізіп, әлеуметтік парақша арқылы халықпен тығыз байланыста жүрген қандай жандармен араласасыз? Және кімдерді оқуға кеңес берер едіңіз?

– Әрине, араласып тұрамын. Атай кететін болсам, Айсұлу Смайылқызы, «Райханым» деген парақша, Айгүл Мұсаева, Мейрамгүл Төлегенова, Теректі Шағатай. Әлия дос, Әлия апайды бәріміз жақсы көреміз. Осы парақшалар ұнайды, оқимын. Жақсы араласамыз десем де болады. Жазбалары ұнайды, өзгелерге де осы парақшаларды оқуға кеңес беремін. Себебі, бұл аталған парақшаларды мен үлкен сүзгіден өткізгенмін десем де болады. Әбден зерттеп, зерделеп барып сіздерге ұсынып отырмын. Мен бұдан да өзге парақшалар оқитынмын. Ал қазіргі қызығып, үнемі қарап жүретін парақшаларым осы.

– «Әлеуметтік желі сізді танымал етті» десем қателесетін болармын, олай емес. Әлеуметтік желіде қазір барлығы отырады, бірақ олардың барлығы бірдей танымал емес. Сізді танымал еткен өзіңіздің жақсы ниетіңіз, көмектесуге тырысқан пейіліңіз, еңбегіңіз деп ойлаймын. Десе де кез келген істі бастарда қиындықтар туады. Сіз олармен қалай күрестіңіз?

– Иә, қиындықтар болды. Бірақ, мынадай өзекті мәселені қозғаған кезде аса көп қиыншылық туған жоқ. Ең алдымен уақыттың жетіспеушілігі жағынан қиындық болды. Үй тірліктері бар, жолдасым бар, балаларым бар деген секілді. Ең қиыны – сұрақтарға уақыт тауып жауап беру болды. Көп қиындық жоғарыдай айтқанымдай, уақыт тапшылығы болды. Мен әр қолданған тәсілдерімді, нәтижесін көрген амалдарымды, айтқан кеңестерімді оқырмандар оқыған сайын сұрақтар да көбейе түсті. Сол сұрақтарға уақтылы жауап беруге уақыттың тапшылығы ғана кедергісін келтірді.

Өз тарапымнан уақыт тапшылығын сезсем де, «болмайды-ау, қоя салсам ба екен» деген ой болған жоқ. Бір адамның болсын өмірін өзгертуге көмегім тиіп, менің кеңестерім арқылы өмірін өзгерткендерін көрудің өзі үлкен қуаныш сыйлады. Мен үшін өте керемет нәрсе екенін түсіндім. Бұл ой мені тек алға жетеледі, мүмкіндігінше уақытымды дұрыс пайдалануға тырыстым.

– Басқа әлеуметтік желілерде парақшаңыз бар ма?

Басқа әлеуметтік желілерде парақшаларым бар, бірақ түк жазбайды екем ол жаққа.

– Мойындау керек, елімізде ғаламтор тез дамып кетсе де, әлі де болсын мәдениеттілікті толық меңгере алмай жатқан оқырмандар бар. Олар жағымсыз пікір айтып, сөзбен сойып салып жатады. Жағымсыз пікірлермен қалай күресесіз?

– Иә, жағымсыз пікір, әрине болды. Басында менде де болды. «Өтірік», «дәрі ішкенсің» деп сенбей, түрлі теріс ойдағы пікірлер айтатын. «Ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқпын» дегендер де болған. Дегенмен, жағымсыз пікір жазатындарға қарағанда мені қолдап, оң пікір білдірушілердің көбірек болғаны қуантатын. Сондықтан да кейбір жағымсыз пікірлерді қазір есіме де түсіре алмай отырмын. Мен жағымсыз пікір білдіргендерді парақшама салып, елдің көзінше жауап бергенді ұнаттым. Сол жолды таңдадым. Бір адаммен жағымсыз пікірлер жазысып отырудан аулақпын, олай салғыласудың ешкімге пайдасын тигізбейтінін түсініп, ел алдында жауап беруді жөн санадым. Кейін келе жағымсыз пікірлер азайды, тіпті жазбайтын болды. Соңғы кездері мен ер азаматтарды бұғаттап қойып жүрмін. Себебі, менің парақшам ер адамдарға мүлдем керек емес, тек қазақтың қыз-келіншектеріне арналған. Себебі, жазбалар қазақ тілінде жазылады.

– Сіздің осы әлеуметтің желідегі жұмысыңызға жұбайыңыздың көзқарасы қандай? Өмір болғасын түсініспеушіліктер болып тұрады. Ондайда татуласуға кім бірінші қадам жасайды? Жарыңызды парақшаңыздан өте аз көреміз, бұл жұбайыңыздың өзінің қалауы ма? Әлде, өзіңіздің бе?

– Жолдасым басында түк түсінген жоқ, шынымды айтсам. Өзі инстаграмнан хабары болған жоқ. Оқырмандар саны 1500 адамға жеткенде, «1500 адамым бар» дегенде өзі парақша ашып, кіріп көріп, пікірлерді оқып, таң қалғаны бар. Маған ешқандай шектеу қоймайды, менің ақылыма сенеді. «Сен менің ақылдымсың, өзің білесің қалай жасау керегін» деп отырады. Отбасылық кикілжіңде екеуміз де бірінші қадам жасай береміз. Тым арыға кетіп ренжіспейміз. «Ақылды әйел болсаң, еріңе үндеме» дейді ғой, мен үндемей құтыламын әйтеуір.

– Кейде арықтауға арналған жазбаларыңыздан бөлек, мотивациялық жазбалар, қарым-қатынас жайында, армандарға жасайтын қадамдар туралы жазбалармен де бөлісіп отырасыз. Уақыт өте келе сіз психологқа айналып бара жатқандай көрінесіз. Әрине, жақсы жағынан айтып отырмын. Мұндай жазбаларды жазуға кім шабыт береді? Әлде, сізге жеке келетін хаттар ма?

– Иә, жекеге өте көп хаттар келеді. Неше түрлі тағдырлар десем де болады. Алғашында әрқайсысын жүрегіме жақын алып, уайымдап жүретінмін. Соңғы кездері жүрегіме тигізбей шеттен қайтарып, тиесілі жауабын ғана беріп, қайтаратын болып жүрмін. Олай жаныма жақын қабылдай беру дұрыс емес.

Психологиялық тұрғыда қолдау болмаса, салмақ тастауды қолға алу қыздарға қиын. Арықтап жүрген қыздарға негізінде оңай емес. Қанша дегенмен өзіңе шектеу қоясың. Мотивациялық жазбалар сондықтан да керек. Арықтау психологияға тікелей байланысты. Ең алдымен адам ішкі жан дүниесімен арықтауға дайын болу керек, яғни психологиялық тұрғыда дайын болу. Мен тек қана соны түсіндіргім келеді оқырмандарыма, соны түсіндіру үшін мотивациялық, психологиялық жазбалар жазуға тура келеді.

– Хаттар демекші, салмақ тастаудан бөлек жеке дайректке жалпы пайызбен есептегенде қандай сарындағы хаттар көбірек келеді? Және де көмек сұрап хабарласатындар көп пе?

Иә, жеме дайректке де, ватцапқа да ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты хаттар көптеп келеді. Арықтаудан басқа. «Басқа қызбен ұстап алдым», «басқа қызға кетіп қалды», «мына жерде кездесіпті», «телефонда сөйлеседі екен» деген хаттар көптеп келеді. «Маған көмектесіңізші» деп басталатын хаттар да өте көп. Мен ондай кездерде «сізге тек өзіңіз ғана көмектесе аласыз» деп жауап беріп жатамын. Біреуге біреу көмектесе алмайды. Әрине, материалдық тұрғыда көмектесуге болады ғой адамдар бір-біріне, алайда рухани жағынан ең алдымен адам өзінің ішкі жан дүниесін өзгертуге талпыну керек. Ең алдымен адам өзіне-өзі көмектесу керек.

– Жалпы, осы дұрыс тамақтануды қолға алмай тұрғанда салмағыңыз қанша еді, қанша салмақ тастадыңыз?

Салмағым 86 келі еді, 8 айдың ішінде, дұрыс тамақтанып, жаттығулар жасап, 24 келі салмақтан арылдым.

– Greenway компаниясы жайында айтып беріңізші. Аударғанда «жасыл жол» деген мағына береді екен. Био өнімдер деп баға беріп жатады. Неге осы компанияның таңдадыңыз? Біздің елдің нарығында желілік бизнеспен айналысатын өзге компаниялар да бар ғой.

– О-о-о, «Greenway» компаниясы деген менің арманымның орындалғаны деп айтсам артық айтқаным емес. Негізінде өзім дұрыс тамақтануды қолға алған соң, ақырындап-ақырындап өз отбасымды да дұрыс тамақтануға көшіріп алдым ғой, Аллаға шүкір. Ал бұл компанияның өнімдері жайлы естігенде ең алғаш «Бұл өнімдерден айырылмау керек екен» деген ой бірден қалыптасты. Мұндай керемет өнімдер біздің Қазақстанға керек, бүкіл әлемге, дүние жүзіне керек. Бүкіл планетаны химиядан құтқаратын осы өнімдер. Соңғы жылдары нанотехнология дегенді жиі айтамыз, жиі естиміз. Бірақ, оның бар екенін білеміз де, бірақ ешқандай қолданыста болмаған. Міне, алғаш рет нанотехнологияны қолданып, әлемдік брендке айналдырып, осы сүлгілер шықты ғой. «Greenway» компаниясы осы сүлгілер арқылы нанотехнологиялық өнімдерді таныстырды. Сондықтан ешқандай химиясыз өмірді таңдағысы келген адам осы компания өнімдерін қолдану керек. Мен өзім осы компанияға келгелі ешқандай химия сатып алмаймын. Бұрын асханадан бастап, жуынатын бөлмеге дейін, айнаны сүрткенге дейін химия сатып алатынмын. Қазір осы компанияға келгелі ондай дүниелер сатып алмаймын, тек қана осы атына заты сай химиясыз эко-өнімдерді қолданамын. Негізінде мені бұл компанияға алып келген – осы өнімдер.

– Егер құпия болмаса (құпия болса айтпасаңыз да болады) соңғы айда осы компаниядан қанша айлық алдыңыз?

– Құпия дейтін едім, бірақ мен оны өзімнің инстаграм парақшама салып көрсеткенмін. Өйткені, мені көріп «Айлығын көрейін осы Гульвирадан бірдеңе шықса мен де осы компанияға тіркелейін, жұмыс жасайын» деп отырған оқырмандарым аз емес. Кейде олар өздері де «Айлығыңыз не болды?» деп сұрап жатады. «Кіруге тұрарлық па екен?» деп ойланып жататын оқырмандарым бар. Олардың да жұмыс жасағысы келеді. Өздері қызығушылық танытып жататындар бар. Сондықтан мен салдым. Жеті ай болды жұмыс жасап жатқаныма, осы жолы 503 000 (бес жүз үш мың теңге) айлық алдым.

– Желіде танымал жандардың парақшасына жарнама беру ақылы, тіпті кейбіреулерінің арнайы ток-шоу бағдарламаларға сұхбат беруі де ақылы екен. Сіз жалпы өз парақшаңызда жарнама жасайсыз ба? Жасасаңыз бағасы қанша (бірақ мен шынымды айтайын, сіздің парақшаңыздан соңғы кездері өзге жарнамаларды байқамаған екенмін)?

– Иә, бұрын расымен жарнама беретінмін. Ең бірінші жарнамамды 1000 теңгеге жасағанмын. Ол кезде 10 000 ғана оқырманым болған. Соңғы жарнамамды осы үш-төрт ай бұрын 50 000 теңгеге жасадым. «Құпия» деп сандарды атамай отырған енді ыңғайсыз шығар, «Greenway» компаниясынан алатын айлығымды айтқан соң, жарнаманың бағасын да айта салайын деп шештім. Шынымен де соңғы жарнама сол. Одан бері жасаған жоқпын. Мен жарнама жасасам, тек өзім сенетін, өзім тексеріп көрген дүниелерді ғана жарнамалаймын. Оны да тегін жасаймын. Оқырмандарыма жаным ашиды, олардың орнына өзімді қойып көремін. Мен үшін әр оқырманның орны бөлек.

– Әлеуметтік желінің пайдалы да, пайдасыз да тұстары бар. Сіз ең алдымен ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған анасыз. Соңғы кездері әлеуметтік парақшалардағы рухани азғындық деп баға берсек артық емес шығар, кейбір жайттар (кейбір қыздардың жалаңаш шығуы) сізді де толғандыратын шығар деп ойлаймын. Ол жөнінде не айтар едіңіз?

– Иә, ондай жағдайлар әрине, толғандырады. Бірақ мұндай дүниелердің шешімі – мүлдем назар аудармау. Ол жалаңаш шешінген қызды біз өзіміз көрсетіп, қайта-қайта өзге парақшаларға шығарып жұлдыз жасап жібердік. Егер жабылған қазан жабулы күйінде қалып, оған мүлдем назар аудармай, керісінше, басқа жақсы дүниелерге назар аударып кеткенде, басқаша болар еді. Ол қыздың ойға алғаны жүзеге аспас еді. Мен ол туралы парақшама салған жоқпын, дұрыс емес деп шештім. Мысалы, Қарақаттың әні, Маржанның дүниеге сәби әкелуі деген секілді жақсы жаңалықтарды көбірек көрсетіп, жарнамаласақ, ондай парақшалардың иелері сол күйі ешкім білмей қалатын еді, көңіл аудармау керек.

– Өмірде сіз ұстанымға айналдырған 5 қағида қандай?

– 1. Ең алдымен тамақ жегеннен көрі суды көбірек ішу.

  1. Балаларымның көзінше ешқандай да дұрыс емес іспен айналыспау. Мысалы, жолдан өту секілді, кез келген нәрседе жақсы үлгі көрсету. Мектепке баратын кезде бағдаршам кішкене алыстау. Егер бағдаршамға бармай өте салсаң, бірден мектепке кіресің. Мен баламды мектепке алып бара жатқанда олай етпей, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамнан өтемін. Себебі, бала деген біздің айнамыз.
  2. Ешқашан өтірік айтпау.
  3. Ер адамды сыйлау, ұлдарымды соның ішінде. Жалпы ер азаматты сыйлау керек. Қыздарыма да соны үйреткім келеді.
  4. Өзіммен өзім боп қалу, әлеуметтік желіде де, өмірде де. Екіжүзділік болмау керек.

– Артық салмақтан арылған соң да, сіз ұсынған дұрыс тамақтану жолын ұстану шарт па?

– Әрине, мен мысалы артық салмақтан арылу үшін дұрыс тамақтануды үйретемін ғой. Сол кезде көбіне адамның миына құйып, бұл өмірлік ұстаным болу керек дегенді алға тартамын. Адам расымен үйренеді, кез келген тәртіпке адам үйренеді ғой. Сондықтан барынша дұрыс тамақтануды ұстанған дұрыс. Анда-санда зиянды тамақтарды жеп қойып жатса, ондай да болады ғой. Оның өз өлшемі болу керек. Ең бастысы, бір кесек торт жеп қойдым деп, бүкіл өмір салтын өзгертіп, дұрыс тамақтануды тастап кетпеу керек. Керісінше, таңертең тұрып, қайта сол жолға түсу керек. Ең бастысы да сол. Көбіне қыздар бір бұзып алған соң, қайтып орала алмай жатады. Олай етпеу керек, бір бастадыңыз ба, керісінше, тастамауға өзіңізді үгіттеп, дайындау керек.

– «ИнстаАна – 2018» жобасының жеңімпазы атанғаныңызды білеміз. Жалпы, бұл жоба сізге не берді?

– Иә, «ИнстаАна – 2018» – менің өмірімді өзгерткен керемет жоба болды. Өзіме деген сенімділігімді арттырдым. Мені өмірлік тәртіпке үйретті. Түрлі тапсырмалары болды, барлығын орындау арқылы өзімді өзім тәртіпке келтіріп, сол арнайы тапсырмаларды орындау арқылы жеңімпаз болғаным рас. Жобаны ұйымдастырушыларға тек алғыс айтамын.

– «Білгеніңмен бөліс» деген ұранмен біліміңізді қазақ қыз-келіншектеріне беріп, өзіңіз жеткен жетістікке солар да жетсе екен деген сіздей ақ ниетті қазақ қыздары, қазақ аналары жасасын. Біздің сайтымызға бір ауыз ақ тілегіңіз.

– Алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын! Мұндай таза қазақ тіліндегі сайттар бізге керек. Бізден кейінгі жас ұрпаққа керек. Балаларымыздың болашағына керек. Сайттың ашылғанына қуаныштымын, шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандарыңыз миллиондарға жетсін. Жетістікке жетсін. Қазақ қоғамына ең пайдалы сайттардың бірі болсын! Өрлей беріңіздер, өсе беріңіздер!

 Рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған