Әсел БАЛСҮГІРОВА: «БҰЛ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ, ЖҮГІ АУЫР САЛА»

Бүкіл нәзіктікті бойына сіңірген қазақ әйелдерінің бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететіні белгілі. Бүкіл болмыстарына сұлулық, сымбаттылық, нәзіктік, мықтылық, тектілік, алыптық сыйған нәзік жандылардың бүгінгі қоғамда қызмет етпейтін саласы мүлдем жоқ деуге де болады. Иә, бүгінде ер азаматтармен қоғамдағы ең жауапкершілігі ауыр, қиын мамандықтарды да игеріп жүргені жасарын емес. Бұл қазақ әйеліне тән болмыс. Себебі, кешегі тарихта аты қалған талай қазақтың мықты қыздары жаудан да, даудан да аман шығып, арасында қолына қару алып қол бастаған батырлары да бар. Арысы Тұмар ханымнан бастау алып, Назым, Гаухар, Домалақ ана, берісі Әлия мен Мәншүк, кешегі желтоқсанның мұзда жаққан алауында жалындаған Ләззаттардың бойындағы қайсарлық, батырлық бүгінгі қоғамдағы нәзік жандылардың да бойынан табылады. Сол мықтылықты, сол тектілікті, сол батырлықты, биіктікті өз мамандықтары арқылы паш етіп жүрген қаншама аруларымыз, аналарымыз бар. Сол аруларымыз үйдің ғана емес, түздің де жұмысын абыроймен атқарып жүргені – шындық. Сұлулық пен нәзіктік, батырлық пен қайсарлық секілді асыл қасиеттерді бір бойына сыйдырып алған олардың қоғамда да өз орны ерекше.

Бүгінгі сұхбат та ерекше болғалы тұр. Себебі, бүгінгі кейіпкерім Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы лауазымында қызмет атқаратын Әсел Бірлікханқызы Балсүгірова. Жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдаған ару, ана, мықты маманмен болған сұхбатқа назар салыңыздар.

– «Әр адамның туған жері жұма мекені» дейді қазақ халқы. Ең алдымен қай өңірде дүниеге келдіңіз, қайда білім алдыңыз? Қандай ата-анадан тағлым алдыңыз? Осы жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз. Туған топырақтың ыстық болып тұратыны жасырын емес. Мен осы өз өңіріміздің қызымын. Яғни, Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Өздеріңіз де білесіздер кезінде облыс орталығы болған, бүгінде республикалық маңызы бар қалаға айналды ғой. Ата-анам жайлы айтатын болсам, төрт түлікпен ас-суын тапқан қарапайым жандар. Әкем де, анам да Сыр өңірі саналатын Қызылорда өңірінде дүниеге келген. Балаларын білімге, ізгілікке баулыған жандар. Барынша сол ата-анам берген тағлым мен білімді, тәрбиені ұмытпай келе жатқан қазақ қыздарының бірімін.

– Қайда білім алдыңыз?

– Қазақ «білім баққа жетелейді» дейді ғой. Қайда білім алғаным жайлы айтса кетсем, «Фемида» колледжін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым. Содан соң жоғары білім алдым. Шымкент қаласындағы Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша оқып, сол саланың дипломы бар маманымын. Қазіргі таңда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы лауазымында қызмет атқарамын. Шенім азаматтық қорғау аға лейтенант. 2012 жылдан бері осы салады түрлі лауазымдарда қызмет атқардым.

– Сіз қызмет ететін сала жай сала емес, үлкен жауапкершілік жүктелген сала екені жасырын емес. Неліктен осы салаға келдіңіз, нәзікжандылар көп тәуекел ете бермейтін сала емес пе?

– Әр адамның ішкі болмысына қарай мамандық таңдайды ғой. Иә, сіздің не меңзеп отырғаныңызды ұғып тұрмын. Әдетте біздің өңірдің қыздарының көпшілігі мамандық таңдағанда мұғалім, дәрігер сынды мамандықтарды таңдайды. Әрине, бәрі емес бірақ көпшілігі. Сіз неге осы мамандыққа келдіңіз дегіңіз келіп тұрғанын түсініп тұрмын. Мен мектеп қабырғасында жүргенде форма киіп жүретіндерге көп қызығатынмын. Содан болар, бала кезден форма киіп мұнтаздай болып жүру, бір үлкен арманыма айналды десем де артық айтпаймын. Бұл жауапкершілігі мол, жүгі ауыр сала екендігі айтпаса да түсінікті. Әр шешімнің арғы жағында адам тағдыры тұрады. Дегенмен әр мамандықтың өзіндік қызығы мен қиындығы болады. Солай бола тұрса да , мен өзім жұмыс істеп жүрген саланы жақсы көремін, және мұндағы әр бір маманды, әріптестерімді құрметтеймін. Бұл саладағы мамандардың әр қайсысының ішкі түйсігінде үлкен мықтылық жатыр деп есептеймін. Өзіңнің ғана емес, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарайтыныңды түйсіне жүріп қызмет етесің. Сондықтан әріптестеріме құрметім ерекше.

– Сіздің айналаңызда ержүрек, батыл қадамдарға баратын ер азаматтар қызмет етеді. Себебі төтеншелік мамандардың көп бөлігі де сол ер азаматтардан құралған. Азаматтармен иық тіресе жүріп жұмыс істеу барысы қиын емес пе?

– Бұл жұмыс. Жұмыс барысында әр кім өз ісіне, өз міндетіне жауапты. Жоғарыда айтып өткенімдей әрбір әріптесіме үлкен құрметпен қараймын. Себебі бұл саладағы мамандар құрметке лайық деп есептеймін.

Біздің қоғамымыздағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші маман қызметі. Күн сайын табиғи апат салдарынан туындайтын немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың тілін табуға тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Әсіресе аптап ыстық күндері өрт оқиғалары жиілей түседі. Сондықтан өрт сөндіру қызметінсіз ержүрек батыл қызметкерлерінсіз қоғамымызды елестете алмаймыз.

Төтенше жағдайлар саласындағы кез-келген маман өзі қызмет ететін саланың қиындығы мен жауапкершілігі жоғары екенін біліп келеді деп ойлаймын. Сондықтан ешқандай қиындық тудырмайды мен үшін. Себебі, менің өзім де сала жауапкершілігін жоғары қоямын.

– Сіз ең алдымен асыл жар, аяулы анасыз. Жалпы жұмыспен барлығын қалай қатар алып жүресіз? Нәзік жан болған соң сұлулыққа құмар екеніміз рас, осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты қатар алып жүріп өзіңізге көп уақыт бөле аласыз ба?

– Өте дұрыс айтасыз. Барлығын қатар алып жүру кейде мүмкін болмай кететін сәттер де болады. Осы салада 10 жыл қызмет етіп келемін. Тұрмыстамын. Бір қыз бір ұлым бар. Қызым 10 сыныпта, балам 8 сыныпта оқиды. Жұмыста жүріп кейде отбасыма, балаларыма көңіл бөле алмай қалатын кездерім болады. Демеп қолдап отырған әуелі Аллаға және ата-анама, бауырларыма, жақын достарыма рақметімді айтамын.

– Бос уақытыңыз болған кездерде ресми жұмысыңыздан бөлек қандай сүйікті ісіңіз бар? Қазіргі әйелдер бес аспап бірі қызмет ете жүріп блог жүргізеді, енді қол өнермен айналысады? Әсел ханымда сондай қызығушылық бар ма?

– Қазіргі қоғамда нәзікжандыларға да артылар жауапкершілік жоғары болып тұр ғой. Осының барлығын қатар алып жүрген замандастарыма шыныменен риза боламын. Ал, менің бос уақытым сенбі жексенбі күндері сол күндері үйге балаларыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Себебі жұмыс күндері үйге кеш оралғандықтан оларға жеткілікті көңіл бере алмаймын. Демалыс күндері қызымыз екеуміз ас бөлмесінде өткіземіз, қосымша қызым домбыраға қатысады, балам шахматқа қатысады солардың үйірмесіне апарамын.

– Әріптестеріңізден сұхбаттасқанда төтеншелік мамандардың спорттық дайындығы жоғары болы керек екенін білдім. Спортқа қалай қарайсыз? у

– Спорт – дене мәдениетінің бір бөлігі. Әр біздің салада физикалық дайындықтың, мықтылықтың да үлкен көмегі тиетін кезеңдер, жайттар, оқиғалар болып тұрады. Біз жұмыста әр сейсенбі және бейсенбі күндері жұмыстан тыс уақытты спортпен шұғылдануды әдетке айналдырғанбыз. Бұл ең алдымен өз денсаулығымыз бен сала жауапкершілігіне құрметпен қарағанымыз. Осы күндері Департаменттің әйел қызметкерлері бөлініп баскетбол, волейбол және жүгіріп шынығамыз. Өте қызықты, әрі әсері де күшті рас айтамын.

– Сіз қызмет ететін салада оқыс оқиғалар, қандайда бар жүрекке ауыр тиетін сәттер орын алып жататыны жасырын емес. Өз есіңізде қалған ерекше соңы жақсылықпен біткен оқиғаны баяндап беріңізші.

– Иә, дұрыс айтасыз. Біздің салада жауапкершілікпен қоса адамның өмірі тұрады. Көптеген күтпеген төтенше жағдайлар орын алып тұрады. Мысалы қар құрсауында қалып қойғандар, жазда суға батқандар, тауда жоғалғандар, өртте қалғандарды құтқарғанын естіп отырамыз. Жүрегіміз ауырғанмен қатты қабылдамауға тырысамыз, себебі келесі болатын жағдайға әрдайым дайын болу керекпіз. Соның бірі айта кетсем, Түркістан облысының Кентау қаласында суға ағып кетіп, жол астындағы құбырға түсіп кеткен 2 жастағы бала періштесі қағып аман қалды. Біздің құтқарушылар ес түссіз жатқан сәбиді жедел қимылдап, алып шықты. Жол асты су өткізгіште онша кең емес, диаметрі небәрі жарты метрлік құбырда су толассыз ағып жатқан. Қараусыз қалып, құлап кеткен бала құбырдың ішінде 15 метрдей жерде кептеліп қалған. Қазір баланың жағдайы жақсы. Осындай жағдай естігенде осы салада қызмет атқарғаныма мақтаныш пайда болады. Кез-келген келеңсіз оқиғаның, өрт салдарының соңын жақсылықпен аяқталғанын қалап отырасың жұмыс барысында.

– Жұмыс істейтін салаңыз қауіптің алдын алуды, ескертуді басты назарда ұстайтыны белгілі. Сондықтан қырағы, өзге жандарға қарағанда байқампаз болып келетін шығарсыздар деп ойлаймын. Соңы қауіпті сәттерге ұрындыратын оқиғаларды көрсеңіз ескертесіз бе? Тиісті орындарды хабардар етесіз бе? Қарапайым адам не істеу керек осындай жағдайда? Қандай кеңес берер едіңіз?

– Ресми тұрғыдан алсақ, біздің тарапымыздан «112» құтқару қызметі тәулік бойы қызмет жасайды. Біз тұрғындарға дауылдың боларын, жаңбырдың нөсерлеп жауатынын, күннің қатты ыстық болатынын, ауа райы күрт өзгеріп кететінін қазіргі таңда әлеуметтік жүйесі дамығандықтан хабарлама арқылы алдын ала хабарландыру жіберіледі. Мұндай хабарламалар жайдан жай келмейді, жіберетін алдын ауа райының бақылаушылары бізге хат арқылы жолдап бізге түседі. Осы хабарламаға үнемі назар аударуды ескертеміз.

Ал өзімнің адам ретіндегі ұстанымым, ол мүмкіндігінше қауіп тудырмай сақтанып отыруға балаларымды шақырып , айтып отырамын. Ал көшеде, далада, басқа да сәттерде балалардың оттықпен ойнағанын, не бір қауіпті жерлерде жүргенін көре қалсам міндетті түрде айтуға, сақтандыруға тырысамын. Қауіпті екенін ескертуге егер мүмкіндік болса ата-аналарына айтамын. Бұл төтеншелік маман ретіндегі емес, қарапайым ана, адам ретіндегі парызым.

– Ең алғаш жұлдыз берілген сәттегі сезіміңіз? Ішкі түйсігіңізде қандай сезім болды?

– Бірінші алған кезде Аллаға шүкіршілігімді айттым және екі есе жауапкершілікті сезіндім. Ішкі түйсігімде өз жолымда екенімді, дұрыс таңдау жасағанымды ұғынғандай болдым. Сонымен қатар алға жылжу, еңбектену керегін, бұрынғыдан да үлкен жауапкершілікті сезіндім.

– Сөз соңында, биыл балалар жылы екені рас. Балалардың қауіпсіздігі сөз болғанда ең үлкен жауапкершілік ата-анаға түседі. Бала қауіпсіздігін сақтау үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп баса айтты. Қазіргі таңда көп ата-аналар жұмыс істейтінін бәріміз білеміз, бір отбасының бала-бақшаға беретін жағдайы болса енді бірінің жағдайы келе бермейді. Амалының жоқтығынан үлкен балаларына тапсырып кетеді. Барлық ата-анаға айтарымыз, балаларды қолдан келгенше үлкендерсіз тастамауға, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға, балаларға түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізуге кеңес береміз.

– Үлкен рахмет.

Сұхбаттасқан: Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған