Рауан ДҮЙСЕНБЕКОВ: «ҚҰТҚАРУШЫЛАР БОС УАҚЫТЫНДА КӨБІНЕСЕ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ»

Қоғамда неше түрлі жағдайлар кездеседі. Адам өміріне қауіп төнген кез-келген қиын да апатта жағдайда ең алдымен көмекке келетін құтқарушылар. Өз өмірлерін қатерге тіге отырып өзгенің өмірі үшін күреседі. Бұл мамандықты таңдау үшін адами болмыс пен бірге мықтылық, физикалық жағынан үлкен дайындық, психологиялық жағынан салқынқандылық керек. Міне, осындай адами қасиеттердің барлығын бір бойына үйлестіре алған адам ғана құтқарушы бола алады.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Өйткені бір адамды қатерден аман алып қалудың өзі қаншалықты күшті, жауапкершілікті, ерлік пен өрлікті талап етеді емес пе? Міне, осындай жүгі ауыр салада жанкештілікпен еңбек етіп жүрген мамандардың арқасында еліміз өсіп, өркендеп келеді.

Осы орайда біз қиындығы мен қаупі қатар жүретін салада қызмет етіп жүрген ҚР ТЖМ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары РАУАН РАУШАНҰЛЫ ДУЙСЕНБЕКОВТЕН біраз сұрақтарға тарқатып жауап беруін өтініп едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

Рауан ДҮЙСЕНБЕКОВ: «ҚҰТҚАРУШЫЛАР БОС УАҚЫТЫНДА КӨБІНЕСЕ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ»

– Ең алдымен өзіңіз жайлы, қай топырақтың тумасысыз, қандай ата-анадан тағылым алдыңыз осыдан бастасақ әңгімені.

– Түркістан облысының тумасымын. Туылған жерім Бәйдібек ауданы Шаян селосы, Ошақты руынан тарағанмын. Әке-шешем зейнеткерлер, қазіргі уақытта Бәйдібек ауданындағы Кеңес ауылында тұрады. Кеңес үкіметі кезінде Шымкент қаласындағы Қорғасын зауытында жұмыс жасаған. Үйдің үлкені болған соң ата-апамның қолында өскенмін. Мен көп балалы отбасыдан шықтым. Жалпы үйде алты бауыр болғанбыз.

– Сіз таңдаған мамандықтың жауапкершілігі мен қатар жүгі ауыр. Неліктен осы мамандыққа таңдау түсті? Қайда білім алдыңыз?

– Мен, Шымкент қаласы Абай ауданындағы Ж.Жабаев атындағы №26 орта мектепте оқып, 1993 жылы, мектептен соң Шымкент қаласындағы экономика және құқық колледжінде «Менеджмент» мамандығына оқуға түстім, 1997 жылы тамамдадым. 2001-2004 жылдары Алматы экономикалық университетінің Шымкент қаласындағы филиалында «халықаралық экономика» мамандығына сырттай оқыдым. Әскерге баратын уақыт келгеннен соң, 1995-1996 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласында «Десант» әскерінде борышымды атқардым. Тікұшақтан және әскери ұшақтан 12 рет парашютпен секірдім. Негізі қазіргі мамандығымды таңдауға осы әсер етті деп ойлаймын. Бірақ, екі білімімнің де қазіргі «Құтқарушы» мамандығына тікелей қатысы болмады. Ия, келісемін құтқарушы мамандығы өте қатерлі, сонымен қоса қызықты да. 2002 жылдан бері осы жұмыстамын. Өкінбеймін, қатардағы құтқарушыдан басшының орынбасарына дейін жеттім.

– Отбасылысыз ба? Балаларыңыз бар ма? Балаларыңыз болашақта осы саланы таңдаса қалай қарайсыз? Құтқару жасағының жұмыстарымен етене араласа жүріп «қажет емес басқа саланы таңдасын» деген ой келмейді ме?

– Отбасылымын, келіншегім және 4 перзентім бар. Үлкенім қыз 12 жасар, қалған үшеуі ұлдар. Менің балаларымның бұл мамандықты және «Десант» әскерінде болғанын қаламаймын. Осы саланы таңдағандар жайлы айтылатын орыс ұлтында мынадай сөз бар: «Кто попал в ВДВ гордитесь, кто не попал радуйтесь», осы сөйлемнен түсіне берсеңіз болады. Мен балаларымның IT, Нано технология, космонавтика саласын таңдағанын қалаймын, бірақ балаларымның өз шешімдері болса кедергі болмаймын.

– Еңбек жолыңызда сан түрлі жағдайларға кезігетіндеріңізді білеміз. Өз өмірлеріңізден да өзгелердің өмірі маңызды болып тұратын шақтар болады. Жалпы сіз осы салада жүргенде есіңізде қалған ең ерекше оқиғаны еске түсіріп баяндап беріңізші.

– Төтенше оқиғалар өте көп болған, сондада соңы сәтті болып аяқталған бір естен кетпейтін оқиғаны айтып берейін. 2004-2005 жылдары қыс өте қатты суық болған. Бәйдібек ауданының таулы аймақтарында 2 метрден биік қар жауып, бұрынғы «Орловка» ауылында адамдар аудан орталығына шыға алмай, екі қабат әйелдерді шығаруға және 15 жасар қыз баланың «соқыр ішегі» жарылып кету қаупі туындаған жағдайға жедел түрде шықтық. Бар болғаны 45 км. жерді 2 тәулікте жеттік. Бізді ол ауылға жетеді деп ешкім ойламады. Қатты боран үріп тұрды, Ақмешіт ауылынан өткен соң мүлдем жол көрінбейді. Біз Шаян ауылынан алып шыққан дәрігер мен мейірбикені операция істеу үшін міндетті түрде жеткізуіміз керек болатын. Арнайы автокөліктің 60 метрлік лебедкасын мойнымызға арқалап, қалың қардың үстімен жүзіп барып, ұшы көрінген жол бойындағы ағаштың түбіне дейін қазып, лебедканы ағаштың түбіне іліп, күтіп тұрамын. Автокөлік лебедкасымен тартылып, қардың үстімен сырғып, мен тұрған жерге келеді. Осылай 60 метрлеп 10-15 км. жерді өтіп таңға жақын «Шыбықбел» өткеліне келдік. Жол бойына егілген «Қараағаш» ұшы бізге жол көрсетіп, оның мықтылығы біздің техниканың лебедкасының ілінуіне бірі шыдап, бірі жұлынып отырды. Шыбықбелден Орловка ауылына 3 шақырым екен. Шыбықбелде қар 2 метрден биік болды, жүру қиындады, жанармай таусылды, құрғақ тамақ таусылды. Тікұшақпен бізге жанармай және құрғақ тамақ алып келіп, жерге қона алмай, қалың қардан бізді таба алмай қайтып ұшып кетті. Біз Шыбықбелден өтіп тез арада ауылға жету керек екенін түсіндік. Қыз баланың «Соқыр ішегі» жарылып кеткенін естіп, ауылдан шыққан 5-6 атты адамдармен дәрігер мен мейірбикені алып ауылға жеттік. Сол күні түнде хирург мектепте соқыр ішегі жарылған қызға операция жасап, 15 жасар қыз бала аман қалды. Үшінші күні науқастар мен екіқабат әйелдерді аудан орталығына алып келдік. Адам өмірін құтқаруға ат салысқаныма қатты қуандым.

– Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығындағы Түркістан облысының құтқару жасағының атқарған істері жайлы айтып берсеңіз.

– Биылғы жылдың жарты жылында облыс аумағында жедел-құтқару жасағы 34 рет шақырылымдарға шықты. Анықтама ретінде: 13 рет авариялық-құтқару жұмыстарына, 7 рет іздестіру-құтқару жұмыстарына, 11 рет сүңгуірлік іздестіру-құтқару жұмыстарына, 3 рет басқада шақырылымдарға (2-қауіпсіздікті қамтамасыз ету, 1-су түбін тексеру), 5 рет оқу-жаттығуға шықты. Жалпы құтқарылғандар саны 23 адам, оның 9 балалар.

– Аудандар арасында қай аудан осы салада жоғары деңгейде жақсы көрсеткіштерге ие? Алдын алу шараларында, не болмаса кез-келген оқыс оқиғаларда, құтқаруға хабарлама түскенде жылдам бару, тез көмектесу, ертерек қолы ұшын беру деген секілді істерде қай аудан алда?

– Біз облыстық жасақ болып саналамыз, аудандарға бөлінбегенбіз, бар болғаны облыс бойынша 46 адам. Қазіргі уақытта, Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында уақытша орналасқанбыз. Түркістан қаласында жаңа ғимарат құрылыс басталып жатыр, құдай қаласа Түркістан қаласында орналасамыз. Тек, Шардара қаласында судан құтқару бөлімшесі бар. Әрине 2 миллионнан астам халқы бар облысқа өте азбыз. Барлық аудандарда болып жатқан төтенше жағдайларға осы жерден шығамыз.

Екі бөлімшеге де талап бірдей, жедел түрде шығу, тез жету, қиын жағдайға қарамастан барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып көмек көрсету.

– Менің ойымша әр ауданда өз жасағы болатын болар деген пайымда едім. Енді біле жүретін болдық. Түркістан облысы өңіріміздегі жазы алты айға созылатын ең ыстық аймақ. Осы орайда мұнда өрт оқиғалары, суға шомылу кезіндегі оқыс оқиғалар да орын алып жатады. Биылғы жазда атқарылып жатқан шаралар жайлы айта отырсаңыз.

– Биылғы жазда және шомылу кезеңінде таудағы және судағы оқиғалардың алдын алу бойынша көптеген іс-шаралар өтті. Жоғарыда көрсетілгендей үгіт-насихат жұмыстары, арнайы шомылуға арналған су айдындарында 37 адам суда құтқару тәсілдеріне және жүзуге үйретілді, оның 30-ы балалар. Қазіргі уақытта, Төлеби ауданы Ханарық ауылының жанында Ақсу өзенінде суға батқан Үндістан елінің 2 азаматын іздестіру жүріп жатыр. Жылдың басынан бері құтқарушылар 18 рет суда болған қайғылы оқиғаларға шығып, 9 адамның (оның ішінде – 5 бала) – денелері табылып шығарылды.

– Құтқарғаннан көрі алдын алған, ескерткен, хабардар еткен дұрыс екені анық. Облыс тұрғындарымен оқыс оқиғалардың, апаттардың, өрт пен судағы қайғылы оқиғалардың алын алу шаралары қалай жүріп жатыр?

– Төтенше жағдайлардың алдан алу мақсатында халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Осы жарты жылда: Түркістан облысының су айдындарында, оқу орындарында және адамдар көп жиналатын орындарда 132 рет үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп 2350 адам қамтылды, 811 адамға дәріс оқылды, 1539 адамға қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 1994 үнпарақ таратылды, 35 плакат ілінді, облыстық газет-журналдарға 8 мақала жарияланып, ғаламтор желісіне 14 ақпарат шықты. Су айдындарында 30 рет патрульдеу және рейдтік іс-шаралар өтті.

– Жаз мезгілінде елімізде күнде сан түрлі судағы қайғылы оқиғаларды естіп жатамыз. Осындай оқиғаларды болдырмау үшін оқырмандарға осы саланың маманы ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Бәріміз білеміз, Түркістан облысы таулы аймақтарға және өзен мен каналдарға толы, табиғаты бай облыс. Таулы және сулы аймақтарда демалушылар өте көп, туристер де жеткілікті. Облысымыздың тұрғындарына берер кеңесім:

– таулы жерге барғанда, міндетті түрде тауды білетін және тауда жүру тәсілдерін меңгерген маман болу керек. Болмаса, төменде қауіпсіз жерде орналасқандарыңыз жөн.

Тау қателікті кешірмейді!

– судың бойына демалуға барсаңыздар, бала-шағаны қараусыз қалдырмаңыздар, ішімдік болмасын, арнайы жабдықталмаған жерде шомылуға тыйым салынады. Осындай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар!! Маған сеніңіздер, көп қайғылы оқиғалар осы айтылған себептерден болады.

– Құтқару жасағы деген аты айтып тұрғандай үнемі кез-келген жайтқа дайын отыруы тиіс екенін білеміз. Солай бола тұрса да бос уақытыңыз болғанда қандай хоббиіңіз бар? Жалпы құтқарушылар бос уақытында немен айналысатыны қызық.

– Бос уақыт мүлдем болмайды. Есімде 10 ай бойы, сенбі-жексенбісіз жұмыс істеген кездеріміз болған. Уақыт болса, өлең жазам, оны гитарамен орындаймын. «Құтқарушы» деген өлеңім бар. Менде «разгрузка» осылай өтеді, кішкене демалып қаламын. Құтқарушылар бос уақытында, көбінесе спортпен шұғылданады. Қатты ағысты Сырдария, Арыс, Келес өзендеріне сүңгуірлік жарақтармен түсу үшін немесе неше түрлі таудың құздарында альпинистік құралдармен құтқару жұмыстарын орындау үшін жоғары физикалық дайындық қажет.

– Сұхбат барысынан өз мамандығыңызды құрметтейтін, әрі жақсы көретініңізді байқадым. Қайғылы жағдайға жетпей құтқаратын сәттеріңіз көп болсын. Сұхбат үшін үлкен рахмет

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған