ЖОЛАҚТЫЛАР ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІҢ ЖҮЙКЕСІН ЖҰҚАРТТЫ

Қаңтардың 31-іне астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Санкт-Петербордың «СКА-сына» қарсы өткізді. Ресейде кеткен есемізді қайтарамыз деген үміт болған еді бәрімізде. Бірақ…

«Бірақ» дейміз амал жоқ. Бізді «бірақ» дегізіп отырған сол баяғы – жолақтылар (төрешілер).

«Барыс» ойынды белсенді бастады. Тіпті алғашқы шабуылдарының бірін нәтижелі аяқтап та үлгерген. Есеп ашқан Андре Петерссон еді (1:0 – 01:18).

Ойынның қарқыны жылдам болғаны соншалық, біз кейбір жағдайларды аңдамай қалады екенбіз. Ал төрешілердің назарынан ештеңе тыс қалмайтын секілді, тіпті орын алмаған жағдайлар да. Шабуылшы Патрис Кормье тәртіп бұзып қана қоймай, өзімен-өзі жүрген ойыншыға барып соқтығыпты. Қайталап көру сәтінде біреудің тұмсығы бұзылып, көзі шығып не қолы сынғанын байқай алмадық. Бар болғаны ойыншымыз сырғанап бара жатып қарсыласты иығымен түртіп өткен. Осы жағдай ойынның шырқын бұзуға жеткілікті болды. Кормье кездесудің соңына дейін қуылса, «Барыс» 7 минут бойы кем құрамда өнер көрсетуге мәжбүр болды. Айдын қожайындарының 4 ойыншысына қарсы есеп аша алмаған петерборлықтарға жаны ашып кеткен болуы керек, төрешілер сәлден соң астаналықтардың тағы бір хоккейшісін кездесуден қуды. Онсыз да әзер шыдап отырған жанкүйерлерге жолақтылардың бұл қылығы ұнаған жоқ әрине. Жүйкесі сыр берген бірнешеуі төрешіге қарай қолдарына бар затты лақтырып, наразылықтарын білдірді.

Ары қарай ойыннан маза кетті. Қатарынан 3 шайба соққан «СКА» (1:1 – 11:35, Якупов), (1:2 – 16:32 Дацюк), (1:3 – 23:08, Якупов) жағдайын жақсартып алды. Даррен Диц есепті қысқартқанымен (2:3 – 31:33), қорғанысқа жатып алған қонақтар өздеріне тиімді есепті ұстап қалды.

Әзірге елордалықтар Шығыс конференциясында 75 ұпаймен үшінші орында келеді. Екінші орындағы «Авангардтың» еншісінде де 75 ұпай, олар тек қосымша көрсеткіштер бойынша ғана озып тұр.

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын 2 ақпанда финдік «Йокеритке» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған