ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ЖҮСІПБЕК

Жүсіпбек Өзбекұлы ҚОНАРБАЕВ 1966 жылы 3 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауданындағы Сарқырама елді мекенінде дүниеге келген. Бұл жер бүгінде Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Сарқырама ауылы деп аталады. Әкесі Өзбек Қонарбаев аталған елді мекенде 40 жылға жуық еңбек еткен. Анасы Әсия Қойгелдиева алты қыз бен бес ұл дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін кеудесіне «Алтын Ана» төсбелгісін таққан алтын құрсақты ана.

1973 жылы «Сарқырама» орта мектебінің бірінші сыныбына оқуға барған Жүсіпбек 1981 жылы аталған мектептің сегізінші сыныбын ойдағыдай бітіріп шығады. Оның спортқа деген қызығушылығын арттырған алғашқы ұстазы – Қасымхан Төреханұлы Кенжебеков болатын. Соның жөн сілтеуімен спорт саласын таңдап, Шымкент қаласындағы дене шынықтыру және спорт техникумына оқуға түседі. Арнаулы орта оқу орнында тәлім-тәрбие алып жүріп еркін күрес, тағы басқа да спорт түрлерінен айналысады. Сөйтіп, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, спорт шеберіне үміткер атанады.

1984 жылы аталған арнаулы орта оқу орнын дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады.

1986-1989 жылдары Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы спорт мектебінде жаттықтырушы әрі орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қызметін қоса-қабат атқарады. Содан бері дене шынықтыру және спорт саласында саңлақтар дайындап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене атсалысып келеді.

1989-1993 жылдар аралығында Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық институтында (қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті) тәлім-тәрбие алады. Оқу барысында еркін күрес, шығыс жекпе-жек түрлерінен, сондай-ақ волейбол, баскетбол, үстел теннисі, ұлттық спортымыздан – тоғызқұмалақты жетік меңгерген маман болып шығады. Осы алған білімімен жас ұрпақты спорт саласына дайындау жолында тынымсыз еңбектенеді.

2002 жылдан қазіргі таңға дейін Шымкент университетінде дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Жұмыс барысында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде, озық тәжірибені және жаңа технологияларды пайдалану, оқу үрдісін ұйымдастыруда тәлім-тәрбие беріп жатқан оқытушыларға және студенттерге білікті басшылық жасауымен ерекшеленуде.

Егемен еліміздің білім және ғылым саласының қарқынды дамуына өзінің сүбелі үлесін қосуда. Дарынды да талантты жастардың ордасына айналған Шымкент университеті бүгінде республикамызда жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Мұнда заман талабына сай жастардың зияткерлік қарым-қабілетін арттыру мақсатында білім мен спорт та қоса-қабат дамытылуда. Осы орайда аталмыш жоғары оқу орнының түлектері заман талабына сай жұмыспен қамтамасыз етіліп, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа орналасуда. Атап айтар болсақ, қазақ күресінен II Әлем чемпионатының жүлдегері Ерлан Сыздық, қазақ күресінен облыс чемпионатының жүлдегері Әлімжан Асылбекұлы, Бақытжан Иманқұлов, белбеу күресінен Қазақстан чемпионы, Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегері Ербол Абдуханов, еркін күрестен Сабыр Рахымов атындағы Халықаралық жарыстың жеңімпазы Ерболат Исенбаев, қазақ күресінен Әлем кубогы мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Халықаралық турнирдің жеңімпазы Руслан Усембеков, қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған жарыстың жүлдегері Қуаныш Сиқымбаев қазіргі таңда өз мамандықтары бойынша бірі жаттықтырушы, енді бірі мұғалім болып қызмет атқаруда.

Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, доцент Жүсіпбек Өзбекұлы Қонарбаев дене шынықтыру және спорт кафедрасын 17 жыл бойы тапжылмай басқарып келеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері. Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері. Білім беру саласының үздігі. «Білім саласындағы ерекше еңбегі үшін», Оңтүстік Қазақстан облысы «Quermet-AB» қоғамдық қорының «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Осы орайда, Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңес еліміздің оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі үшін оған Білім беру саласының үздігі Құрметті атағын берген. 70-тен астам ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік еңбектердің және екі монография және бес оқу құралының авторы. Дәрежесі үздік бірқатар спортшыларды тәрбиелегені үшін және бірнеше ғылыми еңбектер мен оқу құралдарының авторы атанған оған жақында Шымкент университетінің профессоры атағы берілді.

Білікті ұстаз Ж.Қонарбаевтың өнегелі өмірі білім беру саласымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда қоғамымызда сұранысқа ие болып отырған мамандықтардың бірі – дене шынықтыру және спорт факультетінде оқитын студенттер қатарында осы уақытқа дейін сегіз Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 17 спорт шебері, бірнеше спорт шеберіне үміткерлер тәрбиеленіп шықты. Дене шынықтыру және спорт мамандығының студенттері республикалық, Халықаралық жарыстарда және жоғары оқу орындары арасында өтетін облыстық, республикалық универсиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.

Биылғы оқу жылының өзінде спортшылар жоғары жетістіктерге жетісті. Әсет Анарбаев республикалық және Халықаралық дәрежедегі ашық чемпионаттарда, «Open Republican Tournament on Combat Karate» турнирінде бірінші орынды жеңіп алды. Ушу-саньдодан кәсіби жекпе-жек бойынша Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналып өткізілген Алматы қаласының ашық чемпионатында жеңімпаз атанып, «JM ARENA» Халықаралық ашық чемпионатында екінші орынды еншіледі. Жаңабай Бекнұр Түркістан облысының №4 олимпиада ізбасарларын даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі мен «Спорт – есірткі және есірткі бизнесіне қарсы» облыстық жарысында, Түркістан облысының чемпионатында бірінші, XX «SEMEY OPEN» Халықаралық турнирінде үшінші орындарды иеленді. Ауыр атлетикадан Мұзафар Мұса ОРМБЖСМ КММ ашық чемпионаты мен Халықаралық денсаулық күні және «Астана – әлемдік қала» республикалық жарысында екінші орынды еншіледі. Бекзат Байзақ, Нұрпейіс Дарханбай жоғары лигадағы ерлер командасы арасындағы ашық чемпионатының төрт турынан екінші орынды еншіледі.Қазақ күресінен Бекмахан Ерубаев «Жас Барыс» республикалық іріктеу турнирінде екінші, «Тайқазан» республикалық турнирінде үшінші орындарды еншіледі. Үстел теннисінен Сабыржан Аман жасөспірімдер арасындағы республика чемпионатында үшінші орынды иеленді.

Міне, осындай ізгілікті де игілікті тірліктерге ұйытқы болып, жұлдызы жанып жүрген Жүсіпбек Өзбекұлы Қонарбаевты қалай мақтасақ та жарасады. Біз оның алдағы еңбектеріне де сәттілік тілейміз!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған