СЫНАҚ АЛАҢЫ немесе бапкерлер шапаннан неге шошиды?

Өткен жылы «Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов жылына 800 миллион теңге алады екен» деген хабар тараған. Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты теріске шығарды. Бірақ болгар маманның нақты қанша алатынын ашып айтқан жоқ. Дұрыс қой. Федерациядағы жомарт жандар бұрыннан бапкерге қанша бергенін айтып, жарияға жар салмайтын. Мақтанғандай болып көрінгісі келмейді ғой енді. Ол түгілі әлем танитын аргентиналықтың (Месси) алатын ақшасын білсек те, өзіміз де жыға тани қоймайтын футболшыларымызға қанша теңге беретінін білдірмей келе жатқан жоқ па? «Оң қолыңмен жасаған жақсылықты сол қолың білмесін» дей ме, қалай?! Сөйткені де…

Қаңтарда Стойловтың иығына шапан жапты. «Жаурап қалмасын» деп жанашырлық танытып жатқаны да. Бірақ естуімізше, бізге келген бапкерлер шапаннан қатты шошиды екен. Неге дейсіз бе? Шапан жапқан соң сыпайы шығарып салатын әдеті бар емес пе? Иә, Стойловты да сөйтті.

Қазақ футболын басқарып отырған жомарт жандарға қалай риза болмайсың? Бір адамға болса да жақсылық жасау үлгергісі келеді де тұрады. Жыл сайын құрамаға жаңа бапкер шақырады. Бір жылдан соң… қатты бауыр басып қалса екі жылдан соң шығарып салады. 800 миллион болмаса да, су жаңа маманға бұйырғанын беріп үлгеру керек емес пе?!

Футбол дейсіз бе? Футболды ойлау федерацияның міндеті емес, бапкердікі. Алған ақысын сәл де болса ақтау керек емес пе? Тәжірибелі ойыншы іздесе шалдарды, жастарды іздесе балдарды жинап бере қояды. Сосын бапкер не істейді? Не істейтінін бізден сұрамайды әрине. Шалдың сақалын сыйлап, баланың шалалығын түзеймін деп жүргенде жыл өте шығады. Сосын иығына шапанын іліп, орнын келесі әріптесіне босатады.

Нәтиже деймісіз? А-а, ол болашақта бола жатыр. Қазір ол маңызды емес. Жыл сайын бапкер ауыстырып, иығына шапан жауып үлгерсек те жаман емес. Біле білгенге, ол да оңай шаруа емес. Әйтеуір келген бапкерлердің түсінігі мол екен. Иығына шапан жапсаң болды, жылы сөздерін жаудырып, еліне қайта қояды. «Ойбай, мен қазақ футболын көтермесем болмайды» деп қиқарланып, жер тепкілеп жатып алған ешқайсысы жоқ.

Алғаш рет құрамаға шетелден маман шақыруды сонау 2003 жылы бастаған екенбіз. Содан бері бұл игі дәстүр бұзылмай келеді. Сол жылы Ресейден Леонид Пахомовты шақырып, 2004 жылы шығарып салғанбыз. Одан кейін өзіміздің Сергей Тимофеевке (2004-2005) тізгін тиді. Ары қарай Арно Пайперс (2006-2008), Бернд Шторк (2008-2010), Мирослав Беранек     (2011-2013), Юрий Красножан     (2014-2015)         болып тізіліп кете барады. Арасында өзіміздің Талғат Байсуфиновке (2016-2017) шапан кию бақыты бұйырған. Сосын Александр Бородюк (2017-2018) келді. Айтпақшы, осы Бородюкке «Қайраттың» шапқан шапаны тар боп қалған-ау. Әйтпесе, соның алдында ғана Алматыдан кеткен. «Ұят болмасын» деп құрамаға шақыра қойғанымыз қандай тапқырлық болды десеңізші. Үйіне жаңа шапан киіп қайтты. Сосын өткен жылдың көктемі басталған күні Стойлов келген-ді.

Енді міне, болгарды чех маманы Михал Билек алмастырды. Қазақстан футболшыларын танымайтын ол не істейді? Бәрін басынан бастайды. Қазақстан ұлттық құрамасы нағыз сынақ алаңы емес пе? Не істесең де өзің білесің. Қаласаң, ойыңа келген ойыншыны шақыр. «Ауылдағының аузы сасық» деп жатса, шетелден шақыра салу да түк емес. Иә, құрамаға қалаған сынағын жасап көруге мүмкіндігі бар. Жасай берсін. Билектің де белсенділігін бір жыл байқап көрейік. Сосын шапаны дайын…

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: kff.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған