ҚОЯН ДА ГОЛ СОҚҚАН

«Спорт деген бір сиқыр» демекші, әлемдік спорт тарихында рекордтармен бірге түрлі қызықты жағдайлар тіркелген. Ендеше, біз арқылы өткеннің қызықтарымен танысыңыз.

Ленинакан қаласындағы тоқыма фабрикасының футбол командасы мен еревандықтар арасындағы тарихта қалған ойын бар. Бұл кездесу ірі есеп немесе ойыншылардың соққан керемет добымен ерекшеленбеген. Кәдімгі қатардағы ойынның бірі болған. Тіпті кездесу 0:0 есебімен тең аяқталуға жақын болыпты. Енді есепке өзгеріс енгізе алмасын сезген ленинакандық шабуылшы допты қақпаға қарай тебе салады. Осы сәт жасыл алаңда пайда бола кеткен қоян қисық кетіп бара жатқан допты баспен ұрып, қақпаға енгізіп жібереді. Еревандықтар қанша қарсылық білдіріп баққанымен доп есепке алынып, ленинакандықтар қоянның арқасында жеңіске жетеді.

*   *   *

Испанияда 2010 жылдың 17 мамырында ерекше қайырымдылық футбол ойыны өтеді. «Атлетика Бильбао» клубының ойыншылары жасыл алаңда бір мезетте 200 балаға қарсылас атанады. Балалар командасы 66-80-51 тактикасын таңдап, қақпада үшеуі тұрады. Соған қарамастан балалар 3:5 есебімен жеңіліс табады.

*   *   *

Регби спортының қазіргі түрі кәдімгі футболдың ережесін бұзу салдарынан пайда болған. Сонау 1823 жылы Уильям Уэбб Эллис атты жас ағылшын футболшысы допты ұстап алып, жасыл алаңда ешкімге ұстатпай қашып жүреді. Бұл оқиға тіркелген қалашық Регби деп аталған.

*   *   *

Спортшының ерекше жарақат алу жағдайы британдық регби лигасында тіркелген. Қызығы сол, ойыншының тісі қарсыластың бассүйегінен табылған. Ойын сәтінде қатты соқтығысқандары соншалық бірінің тісі сынса, ол екіншісінің бассүйегінде қалыпты. Бірақ бассүйектегі тісті бірнеше жыл өткеннен кейін ғана байқаған. Әлгі спортшы жарақат алып ауруханаға түскенде, оны дәрігерлер рентгенге түсірген екен.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған