ОҢАЙ ОЛЖА

Астаналық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

«Сен мықты екенсің, ала ғой» деп қай команда екі ұпайды қарсылықсыз ұстата қояды дейсіз. «Сочи» ойыншылары да қарсыласып бақты. Бар білгенін ортаға салып, белсенді-ай келіп. Сәті түсе қалғанда қақпаға соққы жасауды да ұмытқан жоқ. Бірақ мықтының аты мықты ғой, «Барыс» сыр берген жоқ.

Алаң иелері өздерінің қожайын екенін қанша көрсеткісі келсе де, қазақтың командасы қыңқ етпеді. Нақ бір жаттығуда жүргендей, өз ойынынан танған жоқ. Әр таймда бір шайбадан соғып, екі ұпайды оңай олжалады (0:1 – 14:09, Диц), (0:2 – 26:40, Фрэттин), (0:3 – 43:13, Волк).

Айта кетейік, 44 ойында 63 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында төртінші орында келеді. Елордалық ұжым келесі ойынын 8 қаңтар күні өз алаңында «Амурды» қабылдайды.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған