ХОККЕЙШІЛЕР НЕГЕ ТӨБЕЛЕСЕДІ немесе қазақ тафгайы кім?

Тафгай деген кім? Хоккейге қызығатын адам болмаса, былайғы жұрт оның кім екенін біле бермейді. Иә, хоккейге қатысы бар адам екенін болжап отырған боларсыз. Бірақ ол мұз айдынына хоккей ойнау үшін емес, төбелесуге, қарсыластың мысын басуға шығады.

 

ТАФГАЙ ДЕГЕН КІМ?

Тафгай сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қатал», «адуынды жігіт» деген мағынаны білдіреді. Ол – хоккей ойыншысы. Негізгі міндеті – қарсыластың шабуылына күштік әдіспен тойтарыс беру. Қажет болса қарсыласпен мұз айдынында жекпе-жекке шығып, мысын басу. Сондай-ақ қарсыластың үздік ойыншыларын «қатардан шығарып», командасындағы шебер хоккейшілерді қорғау.

АҚШ және Канада секілді хоккей жақсы дамыған елдерде клуб басшылығы шоу жасау арқылы көрермендерді көбірек тарту үшін тафгайдың көмегіне жүгінеді. Әрине, тек төбелестіру үшін ғана емес, жұдырықтасуға шамасы келе бермейтін шебер ойыншыларды да қорғауға олардың көмегі қажет. Әйтсе де, мұз айдынындағы ойынға қарағанда тафгайдың төбелесін тамашалауға келетіндер бұрыннан аз болмаған. Сол себепті де хоккей төрешілері бір-біріне жұдырық ала жүгірген жігіттердің бірі мұз айдынына сұлап түскенше, екеудің өзара мықтыны анықтауына араласпайды.

Алғаш рет хоккейшілердің төбелесуі осы спорт түрінің отаны саналатын Канадада орын алған. 1905 жылы Онтарио аймағында «Максвелл» мен «Александрия» командаларының кездесуінде қайғылы оқиға тіркелген. «Максвеллдің» ойыншысы Аллан Лони қарсыласы Олси Лоренді бір соққымен сұлатып түсіреді. Жақтан тиген соққыдан ес жимаған күйі ол о дүниеге аттанған.

«Зілбалға» деген атпен танылған Дейв Шульцтің мұз айдынынан кеткеніне 40 жылдан асса да, әлі күнге дейін рекордтарының мұрты бұзылмай тұр. Оның айып өтеген уақыты 4000 минутты құраған. Бұл толық 66 ойын. Ал 1975 жылы ҰХЛ-ның (Ұлттық хоккей лигасы) «мәңгілік» рекордын тіркеді. Бір маусымда өтеген айып уақытты 472 минутқа жеткен. Бір қызығы, Шульц спорттық мансабын аяқтаған соң сыпай адамға айналып, тіпті аспазшыларға арналған кітап жазып шыққан.

2008 жылы АХЛ-да (Америка хоккей лигасы) аты аңызға айналған екі тафгай Джереми Яблонски мен Джон Мирастидің жолы түйіседі. Екеудің жұдырықтасуы бірнеше минутқа созылады. Сол уақыт аралығында бір-біріне жүзден аса соққы жасап үлгерген.

Д. Яблонски 2011/2012 жылдардағы маусымда ресейлік «Витязь» сапында ойнаған. Ойнаған деген аты болмаса, қарсыластың қақпасына нәтижелі соққысымен көзге түспеген, мұз айдынынан жиі қуылумен ерекшеленген. Бәлкім, боксты таңдағанда нағыз жұлдызға айналар ма еді. Бала күнінде бокс үйірмесіне қатар барып жүріп өткізген 201 кездесуінің біреуінде ғана жеңілген екен.

Төбелес десе белсеніп шыға келетіндер арасында қақпашылар да бар. Мысалы, канадалық Рон Хекстолл хоккей тарихындағы ең қызуқанды қақпашы саналады. Ол қашанда сынықтау сылтау іздеп, қарсылас қақпашыға да, қорғаушыға да, шабуылшыға да жұдырық ала жүгіретін. Тіпті, Хекстоллдың «ж» дәруменінен төрешілер де құр қалмаған.

Тафгайлардың барлығын төбелестен басқаны ойламайтын әумесерлер деп қабылдамаңыз. Олардың мұз айдынындағы әрекеті жеке өмірінде көбінесе көрініс бермейді. Мысалы, Гримсон Стю хоккейден кеткен соң Нэшвилл қаласындағы фирмалардың біріне заңгер болып қызметке орналасады.

Бобби Фарнхэм болса керісінше, таңдаулы мектептердің бірінде білім алып, кейін сауда мамандығы бойынша университетті бітіріп шыққан. Осындай білімі бола тұра хоккейге деген қызығушылығы жеңіп кетіп, ҰХЛ-дағы «Питтсбург Пингвинз» командасында тафгайдың міндетін атқарады.

 

РЕСЕЙЛІКТЕРДІ МОЙЫНДАТҚАН ҚАЗАҚ 

«Қазақстанның үздік ұжымы саналатын «Барыстың» сапында бар-жоғы 1-2 ғана қазақ жүреді, бізден қайдан тафгай шықсын?» деп ойлайтын шығарсыз. Иә, «Барыстағы» қазақтың саны екеуден аспаған шығар, бірақ команда сапындағы жұдырықты жігіттің қазақтан шығуына соның өзі жеткілікті болды.

Дамир Рыспаев – қарсылас біткеннің тізесін қалтыратқан қазақ хоккейшісі. Айдында алып денесімен ерекшеленбесе де, қайсарлығымен көзге түсіп, жойқын соққысымен талайды есеңгіреткен. Әсіресе, «Барысты» ресейлік маман Андрей Назаров жаттықтырған жылдары Рыспаев команданың негізгі құрамынан орын алды. Қарсыластың әрекеті біздің ойыншыға қауіп төндірсе немесе бас бапкерге ұнамай қалса, мұз айдынына шыққан Дамир қуалап жүріп әлгінің жынын қағып алатын. Қазақтың жұдырығын бір иіскеген хоккейші айдында онымен жолықпаудың жолын іздеуші еді.

2016 жылы ҚХЛ (Құрлықтық хоккей лигасы) тарихындағы ең мықты тафгайды анықтау мақсатында жүргізілген ресейлік беделді сайттың сауалнамасы бойынша Дамир Рыспаев үздік болып танылған. Ресейліктер қазақ жігітінің мықтылығын мойындады. «Ақ барыстың» хоккейшісі Александр Свитов екінші орын алса, «Сібір» ойыншысы Евгений Артюхин үздік үштікті түйіндеген. Ал төбелес десе бір иығын беріп тұратын Крис Саймон, Джон Мирасти, Джереми Яблонски және Дарси Веро секілді жігіттер Дамир жинаған дауыстың жартысына да жете алған жоқ.

Сол жылы «Барыс» пен «Куньлунь Ред стар» арасындағы ойында Дастин Бойд аяғынан ауыр жарақат алған болатын. Командаласы үшін айдынға есе қайтаруға шыққан Рыспаев қарсыластың ойыншыларын бірінен соң бірін ұрып құлатып, тіпті қосалқы құрамда отырған ойыншыларға да шабуыл жасайды. Осы әрекеті үшін оған ҚХЛ-да ойнауға тыйым салынды.

Сол бір оқиғадан кейін Рыспаевты ережесіз жекпе-жекке де шақырғандар да болды. Дамир мұндай ұсыныстарға өзінің жекпе-жек шебері емес, хоккейші екенін айтып, жауап қатты. Иә, ол айдында өз міндетін атқарды. Бас бапкер Назаровтың тапсырмасы солай болды, орындады.

ҚХЛ-дан кеткен соң Рыспаев «Номад» сапында өнер көрсетіп, шайба да соқты, чемпион да атанды. Бұл оның төбелес десе делебесі қозатын бұзақы емес, кәсіпқой хоккейші екеніне дәлел.

P.S. Өзге спорт түрлерінде бәсекелесіне соққы жасағаны үшін өмірінің соңына дейін үлкен спорттан қуылуы мүмкін. Ал хоккей ережесінде жұдырықтасуға рұқсат берілген. Әуелі ол ҰХЛ, сосын ҚХЛ, кейін басқа да лигалардың ережесіне енді. Бірақ жекпе-жек кезінде екі ойыншыға ғана өзара мықтыны анықтауға рұқсат беріледі. Ал төбелеске одан көп хоккейші араласатын болса, айып шаралары қаралады.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: ok.ru

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған