«БАРЫСТЫҢ» ШАЙБАСЫ ТАҒЫ ДА ЕСЕПКЕ АЛЫНБАДЫ

Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы кезекті ойынын Санкт-Петербордың «СКА» командасына қарсы өткізді. Тартысты өткен ойында қарсыластар негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмады.

Осы ойынның қарсаңында болжам айтушылар көп болды. Көпшілігінің пікірі ресейлік команда қазақ клубын тас-талқан етеді дегенге сайды. Өйткені, қожайындар бюджет жағынан да, команданың құрамы жағынан да «Барыстан» әлдеқайда алда. Бірақ ойын мүлде басқаша сарында өрбіді.

Мойындау керек, ойын басталған сәтте айдын иелерінің қарқыны қатты болды. Жерлестеріміз олардың жылдамдығына үлгере алмай жатқан сәттер де жиі кездесті. Сондай сәттердің бірінде әріптесінен тамаша пас алған Белов (1:0 — 15:07) есеп ашты.

Осы шайбамен жарты іс бітті деп ойлады ма, әлде бар күшін кездесудің алғашқы 20 минутында жұмсап қойды ма, петерборлықтар енді қонақтардың қарқынына үлгере алмай жатты. Әуелі «Барыс» сапынан Блэкер көзге түсіп, Михайлис пен Сагадеевтің пасынан кейін шайбаны қақпа торында тулатты (1:1 — 25:30).

Осыдан кейін қақпашының қателігін пайдаланған Петухов шайбаға иелік етіп, қақпаға тура соққы жасаған. Төрешілердің бірі шайбаның қақпаға енгенін анықтап, ойынды тоқтатты. Жергілікті жанкүйерлердің көңілі су сепкендей басылып, біздің жігіттер қуаныштарын бөлісіп жатқан-ды. Бірақ төрешілер шайба соғылған сәтті қайта қарап, голды есепке алмай тастады.

Қай жағынан алып қарасақ та, бұл «Барыстың» еншісіне жазылуға тиіс шайба болатын. Қайталап көру сәтінде шайбаның әуелі ішке еніп барып сыртқа домалай жөнелгенін байқауға болады. Мұны қақпа жанында тұрған төреші де байқап, шайбаны есепке алған-ды. Егер гол соғылмаса, төреші ойынды тоқтатпауға тиіс-тін. Ойын тоқтамаса, сол маңда болған Петуховтың шайбаны қақпаға еш қарсылықсыз ысыра салатыны сөзсіз еді.

Неге екені белгісіз, төрешілер «Барыстың» «СКА-ға» соққан әр шайбасын микроскоппен қайта қарап шығады. Былтыр да соғылған бірнеше шайбаны есепке алмай тастаған. Бұл жолы да сөйтті.

Бәрібір ойындағы үшінші голды «Барыс» соқты. Қақпашыдан кейін қайтқан шайбаға бірінші болып үлгерген команда капитаны Брендон Боченски есепті 1:2-ге жеткізді (48:40).

Ойынның аяқталуына 5 минуттан аз уақыт қалғанда «СКА» дегеніне жетті. Гавриковтың соққысынан кейін шайба ойыншылардың бірінің таяғына тиіп бағытын өзгертті де, қақпаға еніп кетті (2:2 — 55:29). Кездесудің соңына дейін тең есеп сақталды.

Қарсыластар қосымша уақытта да жеңімпазды анықтай алмай, буллиттер сериясында айдын қожайындарының жолы болды. Осылайша, «Барыс» бір ұпайды қоржынға салды.

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын 26 қаңтарды мәскеулік «ЦСКА-ға» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған