«БАРЫС» ЖЫЛДЫ СӘТТІ БАСТАДЫ

Құрлықтық хоккей лигасында ел намысын қорғап жүрген елордалық «Барыс» мәскеулік «Спартакқа» қонаққа барды.

2019 жылдың алғашқы ойыны қаңтардың 3-і күні өтті. Жаңажылдық аздаған үзіліс кері әсерін тигізді ме, әлде демалыстан саналы түрде оралып үлгермеді ме, «Барыс» кездесудің алғашқы жартысын өте сүреңсіз өткізді. Алаң қожайындарының қарша боратқан соққыларына сирек жауап қатқан болатын. Нәтижесінде мәскеуліктер алғаш болып есеп ашты (1:0 – 18:00, Воронин).

Екінші шайбаны да «Спартак» соқты (2:0 – 30:04, Никонцев). Ұзақ уақыт бойы жарақатына байланысты ойын өткізе алмай, енді ғана мұз айдынына оралған «Барыстың» капитаны Брэндон Боченскиге қарсы мәскеуліктер дөрекі ойнады. Шынтақпен басқа соққы жасаған. Мұны төреші көрген жоқ. Шынын айтқанда, байқамаған түр танытты. Осы сәт ызаға булыққан әрі командаласына көмекке жеткен Дастин Бойд қарсыласын мұз айдынына алып ұрды. Сонда ғана қақтығысқа назар аударған төреші ойын ережесін бұзған хоккейшіні емес, біздің ойыншыны айдыннан қуып, «Барысты» кем құрамда қалдырды. Осылайша «Спартак» мүмкіндікті мүлт жібермей, қазылардың көмегімен есепті еселей түскен еді.

Әйтсе де, мұндай көмектің өзі мәскеуліктерді жеңіске жетелей алған жоқ. Елордалықтар сапынан Кевин Далмэн есепті қысқартқан соң (2:1 – 34:52), ойыны ширай түскен «Барыс» 2:3 есебімен жеңісті жұлып әкетті (2:2 – 47:50, Старченко), (2:3 – 53:28, Диц).

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын 5 қаңтарда қонақта «Сочиге» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған