«БАРЫСҚА» ҮЗДІКТЕРДІ ҰТҚАН ҰНАЙДЫ

Астананың «Барысы» 26 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасы аясында Мәскеуде «ЦСКА-мен» кездесті.

Шынын айту керек, ойын басталмай тұрып, нәтиженің осылай боларын «Барыс» ойыншыларының өздері де күтпеген болар. Батыс конференциясында ғана емес, Құрлықтық хоккей лигасында көш бастап тұрған ұжым қазақ клубының алдында қауқарсыздық танытады деп ешкім күтпеген-ді.

Ойын басталған сәтте ә дегеннен «Барыстың» капитаны Брендон Боченски есеп ашты (0:1 — 00:19). Бұл елордалықтардың бұл маусымдағы ең жылдам соққан шайбасы. Мұндайды күтпеген мәскеуліктер ойынның жартысына дейін ес жия алмай жүрді. Есесіне жерлестеріміз шабуылдарын барынша нәтижелі аяқтауға тырысты. Әуелі Даррен Диц (0:2 — 19:52), сосын Андре Петерсон (0:3 — 20:59) пен Алексей Маклюков (0:4 — 22:21) мергендіктерімен танылып, есепті еселей түсті.

Мәскеуліктер ойынның ортасынан ауғанда өздеріне келе бастады. Айдында «Барыстың» кем құрамда қалғанын пайдаланған Капризов өз командасының алғашқы шайбасын соқса (1:4 — 33:54), Слепышев есепті қысқарта түсті (2:4 — 54:35). Бірақ айдын қожайындарының шамасы одан арыға жетпеді. Ойынды құтқарып қалу үшін алты ойыншымен шабуылға шыққан мәскеуліктердің қателігін елордалықтар пайдаланып кетті. Соңғы шайбаны да алғаш болып есеп ашқан Боченски соғып, ойынның нүктесін қойды (2:5 — 58:56).

«Жеңілгеннің сөзі құрысын» дейді қазақ. Командасының дәрменсіздігін көрген көп жанкүйер «Барыстың» мықтылығын мойындағысы келмей, себепті басқа жақтан іздеп тауыпты. Олардың ойынша, «ЦСКА» әдейі жеңіліпті. Рас, Құрлықтық хоккей лигасында топ жарған команданың ешқайсысына Гагарин кубогы бұйырмаған. Кубоктан дәмелі мәскеуліктер екінші орынға түсіп қалу үшін әдейі есе жіберген деседі. Әрине, хоккейшілер үшін лигада топ жарғаннан Гагарин кубогының жеңімпазы атану маңыздырақ екенін білеміз. Бірақ үздік команданың бірі жеңіске жетудің осындай жолын таңдады деу санаға сыймайды екен. Плей-оффқа дейін алда әлі 10 ойын бар. Екінші орынға түсуге кейінірек қамданса да үлгеретіні анық.

Қалай десек те, «Барысқа» үздік командаларды ұтқан ұнайды. Әсіресе, осы маусымда бұны бірнеше рет дәлелдеді. Қатарынан 18 ойында қарсылас шақ келтірмеген «Автомобилистті» алғаш болып «Барыс» тоқтатқан. Күні кеше «СКА-ны» да сүріндіруге жақын еді. Төрешілердің араласуы жеңіске жету мүмкіндігінен айырды. Міне, «ЦСКА-ны» өз алаңында тізерлетті.

Айта кетейік, «Барыс» кезекті ойынын 29 қаңтарда «Сібірге» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған