БАЛАНЫ ҚАНДАЙ СПОРТ ТҮРІНЕ БЕРГЕН ДҰРЫС?

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев баланы қысқы спорт түрлеріне беруді ұсынады. Төраға бұл туралы PrimeMinister.kz сайтына берген сұхбатында айтқан.

– Ата-аналар «баланы қандай спорт түріне берген жөн?» деп сұраған кезде қысқы спорт түрлеріне кеңес беремін. Атап айтсақ, шаңғы жарыстары, биатлон, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек. Бұл спорт түрлері дамудың жаңа сатысында тұр. Біз көптеген құрылыс нысандарын салдық, осы салаға көңіл бөліп жатырмыз. Жағдайдың бәрі жасалып жатыр, барып жаттығыңыздар, – деді С. Жарасбаев.

Сонымен қатар спорттың негізгі үш түрі – жүзу, спорт гимнастикасы және жеңіл атлетика екенін де тілге тиек етті. ҚР МСМ деректері бойынша, осындай негізгі спорт түрлері – баланың табиғи дене қабілеттерін жақсартудың жолы саналады. Бұл – жүгіре алу, жүзу және жақсы координация үшін қозғалыстарды жасай алу және т.б. секілді қажеттіліктер. Екі-үш жылдық маманданудан кейін бала өз тілектерін айта бастайды. Бір спорт түрімен айналысуды бастаған балалар кейін басқа спорт түріне ауысып жатады.

– Әдетте ата-аналардың қандай да бір спорт түрін таңдаған кезде, бірден айтатындары: «Мен баламның өз-өзін қорғай алғанын қалаймын». Бала өзін-өзі қорғай алуы үшін оны бірден боксқа жіберудің қажеті жоқ. Егер ол кез келген спорт түрімен айналыса бастаса, спорт тәртіпке үйретеді. Баланың бойындағы қайсар мінез бен ерікті тәрбиелейді. Өзінің бойына осы қасиеттерді сіңірген кез келген жеңіл атлет, футболшы, жүзуші өзін боксшыдан немесе балуаннан кем ұстамайды, – деді ол.

С. Жарасбаев 2019 жыл да спорт саласы үшін мазмұнды болатынын атап өтті. Бүгінде Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен еліміздің аумағында өтетін 40-тан астам халықаралық жарыстардың тізімі бекітілген.

Атап айтар болсақ, наурызда Фристайл могул бойынша Шымбұлақ тау шаңғы курортында Әлем кубогының кезеңі өтеді. Сәуірде Барыс Арена кешенінде ірі шара – шайбалы хоккей чемпионатын өткізу жоспарланған.

Қазақстанға кезекті рет Триатлон бойынша Әлем кубогын өткізуге құқық берілді. Бұдан өзге, IRONMAN Астана марафонын өткізу көзделген.

Қыркүйекте күрестің үш түрі – грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі бойынша лицензиялық Әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, Парапауэрлифтинг бойынша Әлем чемпионаты да өтпек.

Осы жылды тағы бір ауқымды шара – Киокушинкай каратэ KWY бойынша Әлем чемпионатымен аяқтау жоспарда бар. Оған 60-тан астам ел қатысады деп көзделген. Чемпионат өткен жылдың соңында қайта құрылған – Қазақстан Жауынгерлік өнерлер қауымдастығының қолдауымен өткізілмек.

Сондай-ақ, 2019 жыл – Олимпиада алдындағы дайындық жылы болатынымен ерекше. Бір жыл бойы ел спортшыларының алдында 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алу міндеті тұр.

2020 жылы Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадалық ойындары өтеді. Оған да лицензиялар 2019 жылы өтетін бәсекелерде үлестіріледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған