ҚАЗАҚТЫҢ ЖІГІТТЕРІ ӘЛЕМДІ ЖАУЛАУДА

Кәсіпқой боксқа із салып берген Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов секілді ағаларының соңынан ерген шеберлер баршылық. Бар болғанда қандай, жұдырықты жігіттеріміз қарсыластың алдында тізе бүкпеген. Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген олар жанкүйерлерін тек жеңісімен қуантуда. Жақында тағы қуантпақшы. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында жерлестеріміз бірнеше бокс кешін тарту етуді жоспарлап отыр.

Көктемнің алғашқы күні шаршы алаңға Мұса Тұрсынғалиев шығады. Бұған дейін 8 жекпе-жек өткізген қандасымыз 6 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Наурыз айының 1-іне жоспарлап отырған жекпе-жегі Голливудтағы «Seminole Hard Rock Hotel & Casino» кешенінде өтпек. Қарсыласы әзірге белгісіз.

Дәл осы күні Сұлтан Зәуірбек пен Нұртас Әжбенов Уэльсте бақтарын сынайды. Кардиффтегі «Vale Sports Arena» деп аталатын ғимаратта өнер көрсететін қос қазақтың да қарсыласы әзірге анықталған жоқ. Тайсон Фьюри және Билли Джо Сондерс секілді боксшылардың жетістікке жетуіне себепкер болған британдық «MTK Global» компаниясы бүгінде қандастарымызды чемпиондыққа жеткізу үшін жұмыс жасауда.

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 15 наурызда кезекті жекпе-жегін өткізеді. Кездесу АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «Liacouras Center» кешенінде өтуі тиіс. Әзірге қандасымызға қарсылас табылған жоқ.

Жеңіліс көрмеген Батыр Жүкембаев пен Нұрзат Сабыров 16 наурызда Канаданың ең ірі қаласы Монреальда жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы «Eye of the Tiger Management» проумоутерлік компаниясы хабарлады. Сабыров аргентиналық Сезар Рейноспен жұдырықтасады. Ал Жүкембаевтың қарсыласы алдағы күндері жарияланады.

Наурыз айында Айдос Ербосынұлы маңызды жекпе-жектерінің бірін өткізеді. Маңызды дейтін себебіміз, кездесу жеңімпазы 3 бірдей белбеудің иегері атанбақ. Әзірге қарсыласы да, нақты күні де белгіленбеген жекпе-жекте WBO Global, WBC Asia және WBA-ның аймақтық белбеуі сарапқа салынады деп күтілуде.

Айтпақшы, жақында Сұлтан Зәуірбекке қатысты тағы бір ақпарат жылт етті. Жерлесіміз наурыздағы жекпе-жегіне дейін, яғни 22 ақпанда Лондондағы «York Hall» кешенінде кездесу өткізетін болыпты.

Осы күні Олимпиада чемпионының ағасы Дәурен Елеусінов те шаршы алаңға көтеріледі. Бокс кеші Мексикада өтпек. Кәсіпқой бокстағы жолын сонау 2014 жылы бастаған отандасымыз өкінішке қарай, жиі үзіліс алып жүр. 2016 мен 2018 жылдар аралығында кездесу өткізген жоқ. Ал соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың мамыр айында өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.

Жақында ғана кездесу өткізіп, қарсыласын уақытынан бұрын берілуге мәжбүр еткен Еділ Қожамбердиевтің шаршы алаңға қайта оралатын күні жақын. Ақпанның 27-сіне жоспарланған жекпе-жекте қазақ баласына кімнің қарсылас атанары әзірге белгісіз.

WBA (Regular) тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бейбіт Шүменов те жақында жұдырықтасады. Қарсыласы – Францияның намысын қорғап жүрген армян боксшысы Арсен Гуламирян. Оны Геннадий Головкиннің бапкері жаттықтыратынын айта кетейік. Әзірге кездесудің қай жерде және қай күні өтетіні белгісіз. Дегенмен 15 сәуір күні Монакода, 30 сәуірде Астанада немесе 13 мамырда Нью-Йоркте өтуі мүмкін екені хабарланды.

Бүгінгі күнге дейін бізге белгілі болып отырған батырларымыздың жоспары осындай. Жақында ғана кезекті жеңістеріне қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахмедов, Жан Кособуцкий, Әли Балоевтар да көп күттірмей шаршы алаңға қайта көтеріледі деп сенеміз. Қанат Ислам да жарақатынан айығуға жақын. Геннадий Головкин де мамыр немесе маусым айында кездесу өткізуі тиіс. Иә, алдағы айларда жанкүйерлерді жалықтырмайтын жекпе-жектер күтуде. Жеңісті күндеріміз көп болсын! Батырларымызға сәттілік тілейміз! Алға, Қазақстан!

Мирас ӘСЕМ.

Фото: benbego.com

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған