«БАРЫС» БАБЫНДА МА?

Құрлықтық хоккей лигасында ел намысын қорғап жүрген «Барыс» уақытынан бұрын плей-офф кезеңіне шықты. Алайда ерлордалық клуб плей-офф кезеңіне дейін 13 ойын өткізу керек. Қажетті нәтижеге ерте жетіп қойғандығы командаға алдағы ойындарда кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

«Барыс» шын қаласа үздік ұжымдармен терезесі тең өнер көрсете алатынын дәлелдеді. Осы маусымда қарсылас шыдатпай келе жатқан «Автомобилистті» бірінші болып қазақ клубы тоқтатқан. Күні кеше мықты ұжымдардың бірі – «Салауат Юлаевты» жеңді. Иә, үздіктермен иық тірестіре алатынын дәлелдеді. Бірақ әлсіз ұжымдарға қарсы әлсіздік танытатынын да көрсетті емес пе?

Мысалы, Мәскеудің «Спартагына» қарсы өткізген соңғы ойынын алайық. Жеті минуттың ішінде 3 шайба соғып, қожайын екенін көрсеткен. Бірақ қонақтар есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып әкетті. Бірнеше шайба айырмашылығымен алда келе жатып ойын тізгінін қарсыласқа беріп қоятын осы әдеті бізді алаңдатуда. Мұндай жағдай бұл маусымда аз қайталанған жоқ.

Қалай десек те, «Спартактан» 5 шайба жіберіп алған ойыннан соң бас бапкер Андрей Скабелка «Қорғаныстағы қателіктермен жұмыс істейміз» деген еді. Сол сөзінде тұрып, келесі ойында-ақ нәтиже шығара алды. Айдында 60 минут бойы аңдысқан «Салауат Юлаев» командасының шабуылшылары біздің қақпадан саңылау таба алған жоқ. Бапкердің алдағы уақытта да уәдесінің үдесінен шыға алады деп сенейік.

«Барыс» келесі ойында турнир кестесіндегі көршісі «Металлургке» қонаққа барады. Кездесу 22 қаңтарда өтеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған