ЕКІ ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС

Қаңтардың 8-і күні елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

«Барыс» үшін доңыз жылы олжалы болып тұр. Қазақ клубы жаңа жылда тек жеңісімен қуантуда. Әсіресе соңғы жеңісті ойыншылар да, жанкүйерлер де ұзақ күткен еді. Иә, тіпті екі жыл күткен екенбіз.

«Амурды» азулы қарсылас деп мақтауын келтірейін десек, қарсыластың барлығын қырып жатқаны шамалы. Керісінше, жеңгеніне қарағанда ұпай үлестірген ойыны көп. Турнир кестесінде 25 команда болса, 31 ұпай еншілеген «Амур» 22-орында келеді.

Осындай көз қуантарлық нәтижесі болмаса да, «Барысқа» келгенде тым белсеніп кететіні бар. Тіпті, сонау 2016 жылдың қарашасынан бері қазақ клубына тізе бүкпей келеді. Биылғы маусымда екі рет кездесіп, 14 қарашада 5:6, 10 желтоқсанда 2:1 есебімен жеңіп кеткен.

«Амур» бұл жолы да тіресіп бақты. Боченскидің нәтижелі соққысына (1:0 – 18:45) бірінші тайм аяқталуға секундтар қалғанда жауап қатты (1:1 – 19:50, Зогорна). Кормье есепті еселегенмен (2:1 – 28:50), Рассказов ойынды тағы теңестірді (2:2 – 48:22). Әйтеуір Петухов (3:2 – 50:40) пен Бойд соққан (4:2 – 58:51) шайбаларға есе қайтара алмады.

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын өз алаңында өткізеді. Қаңтардың 10-ына қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдайды.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Фото: hcbarys.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған