«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» ЖОБАСЫНА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?

«Дипломмен ауылға» жобасына қызығушылық арта түсуіне орай, Министрлік жиі туындайтын сұрақтар мен оларға жауаптар түріндегі жобаның шарттарын тағы бір мәрте еске салуды жөн көріп отыр» деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

Жобаға кімдер қатыса алады?

Жобаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ еңбек өтілі, жоғарыдағы көрсетілген салаларда білімі бар, қалаларда және өзге де елді мекендерде тұратын және ауылдық елді мекендерде жұмыс істеуге және тұруға ниет танытқан мамандар қатыса алады.

Жобаның қандай артықшылықтары бар?

Мемлекет өз азаматтарына ауылдық жердегі жұмыспен қатар, тиісті әлеуметтік қолдау да көрсетеді.

Біріншіден, 70 айлық есептік көрсеткіш немесе қысқаша айтқанда АЕК көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі.

Екіншіден, бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш бойынша бюджеттік несие беріледі. Несие мерзімі – 15 жыл, сыйақы мөлшерлемесі – 0,01%.

Жобаға қатысушысының міндеттемелері қандай?

Жоба бойынша шарт жасасқан маман ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

Жобаға қалай қатысуға болады?

Қазақстан Республикасының ауылдық жер аумағындағы елді мекенді таңдау қажет.

Өз бетінше жұмыс табуы керек (ауылдық мектеп, аурухана, Мәдениет үйі, спорт кешені және басқалары). Өз бетінше жұмыс табу мүмкін болмаған жағдайда, облыс әкімдіктеріне жүгінуге болады.

Бос жұмыс орны туралы әкімдіктердің сайттарынан білуге болады.

Одан соң аудандық (қалалық) әкімдікке өзіңіздің Жобаға қатысқыңыз келетініңіз туралы өтініш беру қажет. Ол өтініш құжаттарды қарап, шешім шығаратын арнайы комиссияға жіберіледі.

Жобаға қатысуға қажет құжаттардың тізімі:

1) көтерме жәрдемақыны алу кезінде:

  • үлгі бойынша өтініш;
  • жекебасты растайтын құжаттың көшірмесі;
  • жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметі расталған еңбек кітапшасының көшірмесі;
  • білімі туралы дипломның көшірмесі;
  • көші-қон қызметінен бұрынғы тұрғылықты жері туралы мәлімет;
  • тиісті елді мекенде тұратынын растайтын, тұрғылықты жері туралы мекен-жай анықтамасы.

2) көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін бюджеттік кредит алу кезінде:

  • Үлгі бойынша өтініш;
  • жекебасты растайтын құжаттың көшірмесі;
  • жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметі расталған еңбек кітапшасының көшірмесі;
  • білімі туралы дипломның көшірмесі;
  • сатып алған жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;
  • көші-қон қызметінен бұрынғы тұрғылықты жері туралы мәлімет;
  • тиісті елді мекенде тұратынын растайтын, тұрғылықты жері туралы мекен-жай анықтамасы;
  • неке туралы куәліктің көшірмесі (некеде тұратын мамандар үшін);
  • маманның, оның жұбайының, балаларының аталған ауылдық елді мекенде жылжымайтын мүлкінің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама.

3) көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй салу үшін бюджеттік кредит алу кезінде:

  • Үлгі бойынша өтініш;
  • жекебасты растайтын құжаттың көшірмесі;
  • жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметі расталған еңбек кітапшасының көшірмесі;
  • білімі туралы дипломның көшірмесі;
  • көші-қон қызметінен бұрынғы тұрғылықты жері туралы мәлімет;
  • тиісті елді мекенде тұратынын растайтын, тұрғылықты жері туралы мекен-жай анықтамасы;
  • неке туралы куәліктің көшірмесі (некеде тұратын мамандар үшін);
  • маманның, оның жұбайының, балаларының аталған ауылдық елді мекенде жылжымайтын мүлкінің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама.
  • маманның атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы акт;
  • кепілдік мүлікті бағалау актісі;
  • кепілдік мүлікті сақтандыру шарты;
  • тұрғын үй салуда берілген кредиттің көлемінен асатын қаржыландыруға жазбаша келісім.

Ағымдағы жылғы 23 қаңтардағы Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы көтерме жәрдемақының көлемін 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке көтеру туралы тапсырма берді. Бұл жолда не істеліп жатыр?

Мамандарға арналған біржолғы көтерме жәрдемақы сомасын 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке ұлғайту кезінде мамандардың айтылған санына жыл сайын қосымша 400 млн.теңгедей қаражат керек.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің қаулысына Жобаның шеңберіндегі көтерме жәрдемақының көлемін өзгертуді көздейтін өзгерістер енгізу жобасы жасалуда.

Жоба бойынша ауылға тұру және жұмыс істеу үшін келген мамандардың санының өсу динамикасы байқалуда. Сонымен бірге, мамандарды мемлекеттік қолдауға бюджеттен бөлінген қаржы жеткіліксіз. Бұл мәселе қалай шешілуде?

Қазіргі уақытта Министрлік нормативтік құқықтық актілерге қалған қажеттіліктерді жабу үшін жергілікті бюджетті іске қосуға қатысты тиісті түзетулер енгізу мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар, 2019 жылға республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша қаржы бөлуге ұсыныс жасау жоспарлануда.

Жоба бойынша әлеуметтік қолдау шараларын беру қағаз түрінде жүзеге асырылады, бұл мемлекеттік қызметті электрондық түрде көрсету жоспарлануда ма?

Биыл мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ құжаттар саны мен көрсетілетін қызметтердің мерзімін қысқарту жоспарлануда.

Жобаға қатысушылардың тізіміне басқа да мамандарды қосу мәселесі қарастырылуда ма?

Жоба бойынша әлеуметтік қолдау шараларын көрсету ауылдық елді мекендерде неғұрлым сұранысқа ие әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына арналған.

Сонымен бірге, ауылдық жерлерде бюджеттің 4-деңгейі енгізілуін ескере келіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауылдық (кенттік) жерлердегі әкімдер аппаратында жұмыс істейтін әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді де Жобаға кіргізу жұмыстарын жүргізуде.

Жоба қай уақытқа дейін жұмыс істейді?

Жобаны іске асыру мерзімі көрсетілмеген.

Жобаны шағын қалаларға тарату жоспарлануда ма? 

Жобаның негізгі мақсаты ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарды қолдауға арналған.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған