ШЫМКЕНТТЕ НҰР-МҮБӘРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІМІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласы «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» мешіті жанында Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетіне дайындық бөлімінің ресми ашылу салтанаты болып өтті. Бұл туралы ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми шараға ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсесінің басшысы, наиб мүфти, PhD докторы Алау Әділбаев, Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди мырза, аталмыш оқу орынның проректоры исламтанушы, PhD докторы Қайрат Құрманбаев, Рахымжан Әкімбековтер бастаған мәртебелі қонақтар, т.б. жергілікті азаматтар қатысты.

Ашылу шарасында мәртебелі қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, зәулім ғимарат салып берген азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Осы оқу ғимаратының салынуына себепкер болған А.Мырзахметов, Ә.Тойшиев, Р.Алпысбаев және Ералы Есенгелдиевтерге Алла разы болсын.

Сондай-ақ, кездесу аясында Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди мырза мен Шымкент қаласының өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев шәкірттерді жетілдіру, жастардың тәлім тәрбиесіне үлес қосу бойынша екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жалпы, ғимарат үш қабаттан тұрады. Онда 7 жатақхана, 2 асхана, 7 сынып бөлмесі мен дәрет алу бөлмелері қарастырылған. 70 шәкіртке арналған оқу орнында ұстаздар бөлмесі мен қабылдау бөлмелері заман талабына сай жабдықталған.

Шара аясында арнайы қонақтарға кәде-сыйлар табыс етіліп, 200-ден астам жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған