ҮШТІЛДІЛІК ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТЕДІ

Еліміздің білім беру саласына үш тілді оқыту жүйесін енгізу заман талабынан туындап отыр. Бұл мәселедегі басты мақсат-бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың біріне қол жеткізу.  Елбасы Н.Назарбаев үш тілділік мәселесін бекерден бекер көтеріп отырған жоқ. «Үштұғырлы тіл» туралы идеясында мемлекет басшысы үштілділікті іске асыруды балабақшадан басталуы тиіс деп топшылайды. Осы орайда тәрбиеші мен мұғалімдер бәсекеге қабілетті тұлғаны даярлауда барлық қырынан танылуы керек.

Әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды деп санайды. Сондықтан, біз де өз халқымыздың, еліміздің қарыштап дамып, өркениетті, дамыған елдер қатарынан қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, жаза білетін маман ғана бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.

Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, бүгінгі күні бұл саясатты қолдамайтындар да бар. «Үш тұғырлы тілдің» шын мәнінде, мемлекеттік тілімізге еш зияны жоқ.

Бұл туралы Елбасы: – Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «әлингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады» дейді.

Шынымен де, ағылшын тілін білген адам шексіз мүмкіншіліктерге ие болады. Өйткені ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл.  Шет тілдердің арасында ағылшын тілі ешкімге шаң жұқтырмай, алғашқы орынды бермей келеді. Туризм, бизнес, ғылым, білім беру жүйесі т.б. әлемнің түрлі саласында дәл осы ағылшын тілі алғашқы орында.

Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген жастарымыз шет елдерде білімін дамытып, тәжірибе молайтуда. Ал білімді жастар елдің ертеңі болашағы екені айтпаса да түсінікті.

Бұл үдерістен бізде тыс қалмауымыз керек.Үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның болашақтағы өмір белесінен,білім кеңістігінде алары да берері де мол.

Балабақшадан бастау алатын үштілділік  саясаты түрлі тақырыптарда лингвистикалық,экономикалық тарихи,танымдық сайыстар түрінде оқушылар арасында белең алуда. Алдағы уақытта үштұғырлы тілді меңгеру-еркіндіктің, бостандықтың,тәуелсіз ел ұландарының бүкіл әлем бойынша бәсекеге қабілетті дара тұлға екендігінің кепілі бола алатынына сеніміміз мол.

Гүлжан Байбакова,

«№31 М.Әуезов атындағы ЖОМ» КММ

 бастауыш сынып мұғалімі,

 Жетісай ауданы,

Түркістан облысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған