БӘЙТЕРЕК – ӨМІР АҒАШЫ

Оқушылардың дүниетанымы мен ұлтын сүюге деген көзқарасын жақсы жағына өзгерту үшін ол өз елінің тарихын, танымын, мәдени мұраларын кеңінен тани түскен абзал. Нұр-Сұлтан қаласындағы Бәйтерек кешені жайлы өткізілген ашық тәрбие сағатының маңыздылығы мен мақсаты жоғары болды. Ең алдымен оқушыларға жалпы бәйтерек ағаш жайлы тереңірек мағлұмат берілді. Оның неліктен бас қаламыздың ажарын ашатын кешеннің атын иеленгеніне басты назар аудардық.

Бәйтерек – ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие алып ағаш. Бәйтерек байырғы орта түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Мұндай ағаш үлгісі дәстүрлі қауымда мықан ағашы, мырзатерек, әулие ағаш, сетер тал делініп, пішіні мен мәніне қарай әртүрлі аталған. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі (бәйбіше, бәйшешек), үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде – дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді. Демек Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.

Бәйтерек туралы ұғым-түсініктер халық мифологиясында ерте заманнан бар. Кейбір халықтардың мифологиясында баяндалғандай, әлем моделі екі түрлі болады. Бірі – тік те, екіншісі, көлденең құрылым. Осының екеуі де қазақ мифологиясында бар. Көлденең модельдің көрінісі дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт туралы әпсанада кездеседі. Өлімнен құтылу үшін батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке де барған Қорқыт барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көріп, ең соңында Сырдарияның қақ ортасына келіп дамылдайды. Сырдария өзені бұл жерде тұтас әлемнің кіндігі болып көрсетіледі де, жартылай көлденең, жартылай тік модельдің бейнесі ретінде суреттеледі.

Қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашы  ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ, қамшы ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек – үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан сияқты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана Бәйтерек кешені жайлы айтудан бұрын ең алдымен бәйтерек өмір ағашы аңызынан бастау керек.

Ол туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан жолы” атты кітабында былай дейді:

«Көктөбенің басында, алып көк теңіздің жағалауында өмір ағашы – Бәйтерек өседі екен. Жыл сайын Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады екен. Бірақ жыл сайын айдаһар-жылан сол күнді жеп қояды. Бұл көрініс күн мен түннің, қыс пен жаздың ауысуын, қайырымдылық пен зұлымдықтың, жарық пен қара түнектің күресін астарлы түрде бейнелейді. Аңыз бойынша Ер Төстік жыланды өлтіріп, Самұрық құстың алтын жұмыртқасын аман алып қалады, ал осыған разы болған құс оның жер асты патшалығынан шығуына көмектеседі. Киелі ағаш туралы аңыз – бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылған жаңарған Қазақстан мақсатының көрінісі».

«Бәйтерек» бейнесінің ұлттық валюта, ұлттық мерейтойлық сыйлықтар мен тиындарда  бейнеленуі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының мерейімен бірге Қазақстанымыздың жаңғыруын көрсетеді.

Осылайша халық аңызының арқасында «Бәйтерек» кешені біздің қуанышымызға айналды. Ол сәулет өнері ескерткіші ғана емес, еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі.

«Астана-Бәйтерек» өзінің жалпы мағынасында жер, өмір және аспан ұғымдарын білдіріп, Қазақстанымыздың қайталанбас өсіп-өркендеуінің келбетіне айналды.

Бәйтеректің жоғары бөлігі немесе әпсанадағы ару Ананың ұясында  алтын түсті алып шар орналасқан. Осы шардың ішінде тұрып әсем қаланың бүгінгі келбетін төрт түстік, сегіз ұштықтан тамашалай аласыз. Шардың диаметрі 22 метр, салмағы 300 тонна. Дәл осы арадан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының табы түскен күміс қалыпты көресіз. «Аялы Алақан» – Қазақстан Республикасының алғашқы Президентінің оң алақанының бедерлемесі шығармашылық композициясын көруге болады. Оның алақанынан мемлекетке ұқыпты және қасиет тұтатын қарым-қатынасын және осы елдің тұрғындарына деген, тату-тәтті өмірге, достық пен жарасымдылыққа деген ниеті көрінеді.   Елордаға келген меймандар ең алдымен ат басын алып Бәйтерекке бұрады.

Ашық тәрбие сағаты барысында балалар жоғарыда аталған мәліметтермен сусындап, өздері де Нұр-Сұлтан қаласы жайлы  білгендерін, барып көргендері өз әсерлерін айтып бөлісті. Жалпы танымдық, тәрбиелік мақсаттағы ашық сабақта балалар шынайы ашылып өз ойларын іркілместен білдіре алды. Мұның өзі сабақтың өз діттеген мақсатын толық орындай алғанынан хабар береді.

 

Жадыра Кішкенова Қалдыбайқызы,

 тәрбиеші, М.Тасова атындағы үш тілде

оқытатын мамандандырылған

№12 мектеп-интернаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған