«ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ТҮРКІСТАНҒА — АЛТЫН БЕСІК АҚТӨБЕДЕН»

Түркістанда «Ер түріктің бесігі Түркістанға — Алтын бесік Ақтөбеден» атты мәдениет күндері бастау алды. 14-15 сәуір аралығында өтетін тағылымды шараның ашылу салтанаты Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы этноауыл аумағында басталды. Онда театрландырылған көрініс, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері және дәстүрлі әншілердің концерттік бағдарламалары қойылады. Бұл туралы брифингте Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мәлімдеді деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Сонымен қатар, мәдениет күндері аясында ақтөбелік өнерпаздар Түркістан музыкалық драма театрында қос қойылымды көпшілік назарына ұсынбақ. Атап айтқанда, Ғ.Жұбанова атындағы филармониясының әртістері И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін, «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасын сахналайды.

«Екі облыс арасындағы рухани-мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында үлкен дайындықпен келіп отырмыз. «Farab» кітапханасында «Алтын аймақ – Ақтөбе», «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» фотокөрмелері, «Ақтөбе – әдебиет ордасы» жергілікті ақын-жазушылардың кітап көрмесі, кездесу кеші өтеді. Кітапхана алаңында «Алақай» облыстық қуыршақ театры ашық аспан астындағы «Жадыра, жайна достар» тақырыбында балаларға арналған қойылымы қойылады», – деді Бұлбұл Ораққызы.

Бұдан бөлек, «Керуен сарай» туристік кешенінде ақтөбелік әншілер «Алтын аймақ – Ақтөбе» концерттік бағдарламасын ұсынатын болады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Эко-базарда Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. Жәрмеңкеде ет өнімі және азық-түлік нарық бағасынан 10-15 пайыз арзандатылған бағамен сатылымға шығарылады. Екікүндік мәдениет күндері Түркістан қаласындағы Конгресс-холл сарайындағы «Сәлем, Түркістан» гала-концертімен қорытындыланады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған